Фото: ІІМ
Алматы облысында полиция өзге мемлекеттің туын өртегендерге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Полицияның мәліметінше, 13 қарашада Ұйғыр ауданында тұрғындардың рұқсатсыз жиналуының жолы кесілді. Топ мүшелері шетел мемлекетінің туын және сол ел басшылығының фотосын өртеп, заңға қайшы әрекеттер жасаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Полицияның мәліметінше, материалдар сотта қаралғаннан кейін 12 азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар алты адамға 20 АЕК көлемінде (78 640 теңге) айыппұл салынды.
Осы дерек бойынша араздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция мемлекеттік рәміздерге қол сұғу, сондай-ақ араздық тудырып, қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған кез келген әрекет – заңның өрескел бұзылуы екенін және мұндай фактілер заң тәртібімен тоқтатылатынын қатаң түрде ескертті.
