65,8 мың адам ауырады: Алматыда қант диабеттімен ауыратындар саны күрт өсіп кеткен

Фото: Алматы әкімдігі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде эндокринология саласының мамандары диабеттің таралуы, осы заманғы диагностика әдістері мен пациенттерді қолдайтын жоспардағы жұмыстар туралы өзекті деректер ұсынды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

Брифингке ҚР Диабет қауымдастығының президенті Баян Жұманова мен Алматының штаттан тыс бас эндокринологы, м.ғ.к. Светлана Большакова қатысты. Сарапшылар көрсеткіштің өсіп жатқанын, скринингтердің кеңейіп, білім беру бағдарламасының күшейгенін атап өтті.

Алматыда қант диабетімен 65 800 пациент тіркелген: олардың 4 000-ы – 1 типті диабетпен, 61 800-і – 2 типті диабетпен ауыратындар. Ауруға бейімділігі жоғары топтарға толықтау адамдар, липид алмасуы бұзылғандар, көп қимылдамайтын адамдар мен жүктілігі асқынған әйелдер жатады.

Диабетпен ауыратындардың саны артқан: 2024 жылдың соңындағы 492 мыңнан 2025 жылы 523 391 адамға дейін өсіпті. Жыл бойы ЖОО-ларда скринингтер көптеп жүргізілген, соның арқасында тексерілгендердің 10%-ында алғаш рет диабет, тағы 10–15%-ында соның белгілері табылып отыр.

Көбі диабет қантты шамадан тыс пайдаланғаннан болады деп ойлайды. Сарапшының айтуынша, ауру бір өнімге қарап тұрған жоқ, оған тұқым қуалау, күнделікті өмірдегі әдеті сияқты жағдайлар да жанама әсер етеді.

«Қантты көп мөлшерде тұтыну диабетке бірден-бір себеп бола алмайды, бірақ артық салмақ пен инсулинге төзімділіктің дамуына ықпал етеді, ал бұл өз кезегінде 2 типті қант диабетінің қаупін арттырады. Сондай-ақ көп қимылдамау, ұзаққа созылған күйзеліс пен көмірсу алмасуының бұзылуы да үлкен рөл атқарады», – деп атап өтті Алматының бас эндокринологы.

2025 жылы Диабет қауымдастығы Алматы, Түркістан, Маңғыстау мен Қызылорда облысында көшпелі оқыту семинарларын өткізді. Оған дәрігерлер мен эндокринологтар, сонымен бірге инсулин помпаларын пайдаланатын жүкті әйелдермен жұмыс істейтін мамандар қатысты.

Бұдан бөлек, Бүкіләлемдік диабетпен күрес күні аясында Алматыда диабеттік аяқ синдромына скрининг жүргізіліп жатыр. Тексеру 3–14 қараша аралығында Эндокринология және диабет орталығында өтеді.

Сарапшылардың айтуынша, қалада осы заманғы диагностиканың толық спектрі бар:
• глюкоза және гликирленген гемоглобин талдауы;
• глюкозаға төзімділікке пероральді тест;
• инсулин, С-пептид және липидтік профильді анықтау;
• глюкозаны үздіксіз бақылау жүйелері (CGM) мен өзін-өзі бақылау құрылғылары.

Емдеуге инсулинотерапия (қоса алғанда помпалар және «ақылды» жүйелер), пероральді препараттар, семіздік кезінде – метаболикалық хирургия кіреді.

«Алматыда 1 типті диабеті бар пациенттерге инсулин мен оған қажетті материалдар тегін беріледі. Қажеттілік болғанда 2 типті диабеті бар пациенттер де мемлекеттік бағдарламаның аясында дәрі-дәрмекпен, өзін-өзі бақылау жүйелерімен қамтамасыз етіледі», – дейді Светлана Большакова.

Диабет қауымдастығының мәліметінше, пациенттер үнемі кеңес алып, дәрілердің сапасын сұрап отырады. Сарапшылардың айтуынша, 2026 жылдан бастап сапалы инсулин берудің көлемін ұлғайту жағы жоспарланыпты.

«2024 жылдан бастап Алматыда «Диабет мектебі» жұмыс істейді, онда 52 пациент пен олардың ата-анасы оқиды. Бағдарлама адамдарға өзін-өзі бақылау мен дұрыс терапия дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, эндокринология бөлімшелерінде диабет мектебінің инструкторларына арналған жаңа штат ашылп жатыр, амбулаторияларда бір кабинетке 0,5 бірлік эндокринолог дәрігер мен 2 медбикеден қарастырылған», – деп мәлімдеді Баян Жұманова.

Соңында сарапшылар дер кезінде жүргізілген скрининг диабетті емдеуге дейін анықтап, гликемияны бақылау мен өмір салтын түзету іс-шарасын бастауға мүмкіндік беретінін, бұл асқынудың қаупін азайтатынын атап өтті.

Яндекс.Метрика