Фото: Иосиф Будневич
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Қазақтың алғашқы кәсіби бишісі, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың сирек бейнематериалы «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Красногорск қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінен табылды.
Бишінің «Бипыл» халық әніне мың бұрала билеген бейнежазбасы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақтаулы.
Сараптау нәтижесінде бейнематериалдың 1958 жылғы 21 желтоқсанда өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінің қорытынды концерті кезінде түсірілгені белгілі болды.
Аталған онкүндік — қазақ халқының мәдениеті мен өнерін бүкіл Кеңес Одағына танытқан алғашқы ірі мәдени оқиғалардың бірі саналады. 1934 жылы Шара Жиенқұлова М. Әуезовтің «Айман – Шолпан» спектаклінде тұңғыш рет қазақтың «Келіншек» атты ұлттық биін билеп шыққан. Сондай-ақ Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық биді кеңінен танытып, қазақ сахнасының символына айналды.
