Фото: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Соңғы уақытта теңгенің нығаюы қоғам назарында тұр. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ұлттық валютаның тұрақтана бастауы бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен болып отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Біріншіден, қазіргі кезеңде әлемдік нарықта АҚШ долларының әлсіреуі байқалады. Бұл — АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету саясатының нәтижесі. «ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл бастаған топтың шешімі доллардың резервтік валюталарға да, дамушы елдердің ұлттық валюталарына да қатысты әлсіреуіне ықпал етті», — дейді экономист.
Екіншіден, Қазақстанның Ұлттық банкі базалық пайыздық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап отыр. Бұл шешім теңгеге оң әсерін тигізуде. «Базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын теңгелік активтер — депозиттер мен құнды қағаздар — инвесторлар үшін тартымды бола түседі. Табысты көбейткісі келетін азаматтар мен инвесторлар қаржысын теңгемен ұстауға мүдделі, бұл өз кезегінде ұлттық валютаға деген сұранысты арттырады», — дейді Мақсат Халық.
Ал доллардың 550 теңге деңгейіне қайта оралу ықтималдығына келсек, сарапшы бұл бірнеше жағдайға байланысты екенін айтады:
-
Егер базалық мөлшерлеме төмендей бастаса, теңге әлсіреуі мүмкін;
-
Мұнай бағасы күрт құлдыраса, теңгеге қысым түсуі ықтимал;
-
Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен жаңа шиеленістер де валюталық нарыққа тікелей әсер етеді.
«Сондықтан алдағы уақытта теңге бағамының тағдыры осы факторлардың қалай өрбитініне байланысты болады. Қазір теңге аздап нығайғанымен, тұрақтылық ұзақ мерзімде сақтала ма, ол жағын уақыт көрсетеді», — деп түйіндеді экономист.
