Фото: Pixabay
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин арнайы декларацияға қол қойды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылды.
«Бұл құжаттың тарихи мәні зор. Халықтарымыз арасындағы мызғымас өзара сенім мен ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін көрсетеді. Осы орайда екіжақты байланысты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Владимир Владимирович Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтар Ресей Президентін жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп біледі әрі құрметтейді. Оның есімі әлемге жақсы мәлім және қазіргі алмағайып заманда орыс халқы мен Ресей мемлекетінің мүддесін қорғауда сенім мен қажымас қайраттың символы ретінде қабылданады. Қазақстан Ресей Федерациясының өркендеуіне шын мәнінде мүдделі. Бүгінгі келіссөздер нәтижесін жоғары бағалаймын. Кездесуіміз ашық әрі сенімді рәуіште өтті және нақты пайдасын берді», – деді Президент.
ПРЕЗИДЕНТТЕР ТАҒЫ НЕ ТУРАЛЫ УАҒДАЛАСТЫ?
Көлік-транзит саласы
- Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келісті.
- Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
- «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниетті.
- Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады.
Энергетика
- Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогреске қол жеткізілді.
- «Росатом» компаниясымен еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр.
- Тараптар мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келісті.
- Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Экономикалық өсімнің жаңа бағыттары
- Сапар аясында қол қойылған бірқатар құжат елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді.
- ІТ секторының болашағы зор. Қазақстанның бұл салада тәжірибесі мол.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар
- Гастрольдер, көрмелер, концерттер мен спорттық жарыстар секілді іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
- Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері табысты өтті.
- Бұған дейін мәдениет күндері аясында еліміздің өнер қайраткерлері Якутия мен Қазанға барып қайтты.
- Биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы аллеясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы сквері» ашылды.
- Мәскеу көшелерінің біріне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.
- Мәскеуде Қазақ ақпараттық-мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр.
Білім беру және спорт
- Қазақстанда Ресейдің 9 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп тұр.
- Биыл Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Астанадағы филиалы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы ашылды.
- Елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр.
- Екі елдің білім беру стандарттары ескерілген мектептер салу жобасы іске асырылады.
- Алматыда демеушілердің қолдауымен ресейлік танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады.
- Қазақстанда орыс мәдениеті мен тілін ілгерілетуге тиісті назар аударылатын болады. Бұл іске еліміздің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы өз үлесін қосып келеді.
