Фото: видеодан скрин
Танымал тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіт белгілі режиссер Ғалым Доскеннің өліміне қайғыра көңіл айтып, қандай білікті басшы болғанын еске алды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Дана Нұржігіт белгілі режиссерді өзінің желідегі парақшасында еске алды.
“Данаш…Қалқам…”көрген жерінде жарқырап дәл осылай амандасып, әйел баласына деген ерекше мейіріммен, жанашыр әкенің қамқорлығымен ізет көрсете білетін нағыз ғалым, нағыз зиялы, біртуар қазақ өтті өмірден. Өкініш өзегімді өрттеп барады! Былтыр “Соңғы үкім” фильмінің премьерасына осылай хат жіберіп,өзі шақырған еді. Ғалым Төлембекұлы Доскен.
Бүгінгі медиаменеджерлер ренжімесін, бірінің бойында дәл Ғалым ағамыздай ұлттық болмысқа деген адалдық, беріктік жоқ! Өйткені Ғалым Доскен ғалым еді.
Рухани тамыры терең,парасат көкжиегі кең адам алысты көреді,қашықты болжайды. Ондай білім бізде жоқ! Соншалықты білімді адам-Ғалекеңнің жүзінде адамзатқа деген махаббат тұратын. Күйініп, кіжінген кездерін көрдім,онда да адам жанын жаралаудан ада еді. Тек темекісін бірінен соң бірін тұтатып,бұрқыратып,түтіндетіп отыратын. Мен сонысынан қорқушы едім. “Ғалеке, аса көп тартады екенсіз. Зиян ғой .”деуші едім…
2002 жылы “Жаңа күн” дейтін таңғы хабарына Қазақстан ұлттық арнасына директор болуға шақырды.Ғалым аға тікелей бастығым. Төраға. Бірақ. Оның қолында да көп нәрсе жоқ. Қаржы қат. Мен 8 ай бойы “мынау керек, анау керек”деп сұраумен болдым. Бірде тауып бере алады, бірде күтуге тура келеді, енді бірде мүлдем ақша жоқ дейді. 8 айдан кейін мен шаршадым. Демалысқа өтініш жазып, кетіп,содан мол кеттім. Жұмысқа қайтып оралмадым. Ғалекең мұның не демеді. Түсінді. Әркім өз жолын іздейді. Солай болу керек! Тек көрген жерде жымиіп, “қашып кеткен қызым,қалайсың?” деп арқамнан қағып қоятын. Концерттерге шақырып, өнертанушылық,мәдени шараларға қосатын. Репетициялар арасында сөйлескенде рухани шөлім қанатын. Телегей теңіз білім мен парасаттың мөлдір суын сіміре ішкендей болушы едім. Ұлттық арнаның басқарма төрағасы ретінде қазаққа жасаған өлшеусіз еңбегі: ұлт фольклорын,атадан қалған музыкалық мұрамызды таспаға жинап,реттеп берді. Шашылып жатқан архивті өзімізге қайтарды. Ұлт ұстазы-Ахмет Байтұрсыновты ұлықтаған “Соңғы үкім” фильмі Ғалекеңнің фәни жалғандағы қазаққа жасаған соңғы жақсылығы,шексіз сүйген еліне қалдырған аманаты. Мына хатта жазғандай екі жыл түсірген,бір жыл шығаруға рұхсат күткен…
Алдыңыздан жарылқасын! Сіз өте, өте, өте жақсы адам едіңіз, Ғалым аға!», — деп еске алды танымал тележүргізуші.
