Фото: Алматы әкімдігі
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов жұмыс сапары аясында қаланың әлеуметтік нысандарының құрылысы мен қайта жаңарту барысын тексерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әкімнің орынбасары Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының ғимаратын қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді.
Жобада тірек құрылымдарын күшейту, тесілген шатыр мен қасбеттік кеспе тастарды, барлық инженерлік коммуникацияны ауыстыру көзделген. Театр жабдықтарын, сахна мен жарықтандыруды 100% жаңарту, жақсы көрінісі мен акустикасы бар көрермен залының классикалық өлшемін сақтау жоспарланған.
Сондай-ақ, алаңы 10 мың шаршы метр болатын үш қабатты жаңа ғимарат салу қарастырылған. Жаңа нысанда 200-ден астам орынға арналған сахнасы бар камералық зал, грим бөлмелері, шеберханаға арналған үй-жайлар, декорация сақтауға арналған қоймалар болады.
Бүгінде негізгі ғимаратта инженерлік желілер мен алғашқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 70% қосымша жақтау салынды.
«Театрды қайта жаңарту қала үшін маңызды жоба және оны жүзеге асыру кезінде ғимараттың бірегей сәулеттік келбетін сақтауға ерекше назар аударылады. Келесі жылы шілде айында қала тұрғындары мен қонақтары ең жоғары стандарттарға сәйкес келетін заманауи және жайлы театрды тамашалай алуы үшін жұмыстар барынша сапалы әлі көрсетілген мерзімінде орындалуға тиіс», — деді Бейбіт Шаханов.
Қала әкімінің орынбасары бұдан соң Медеу ауданындағы құрылыс алаңына барды. Мұнда жылына 50-60 мың шақыртуға қызмет көрсетуге арналған жедел медициналық жәрдемнің қосалқы станциясының үш қабатты ғимараты салынып жатыр.
Қосалқы станцияда 15 көшпелі жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы жұмыс істейді, оның құрамында дәрігер, фельдшер және жүргізуші болады. Ғимарат пациенттерді қабылдамайды, мұнда қызметкерлер мен жедел жәрдем паркі орналасады. Бұл жұмысты биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған қоса, Алматы әкімінің орынбасары «Райымбек батыр» мемориалдық кешенінің құрылыс барысымен танысты. Кешенде музей, зиярат ететін орындар және әкімшілік ғимараты болады.
Қазіргі уақытта нысанда темірбетон қаңқасын монтаждау, қабырғаларды тұрғызу және ішкі инженерлік коммуникация орнату жұмыстары аяқталып қалды. Кешен әртүрлі қабаттағы және функционалдық мақсаттағы үш блоктан тұрады. Барлық ғимарат заманауи материалдарды қолдана отырып, бірыңғай сәулеттік стильде жасалып жатыр.
Жұмыс сапарының соңында авторлық және техникалық қадағалау қызметіне құрылыс жұмыстарының орындалуына, пайдаланылатын материалдардың сапасына және жобалық шешімдердің сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды. Құрылыс алаңдарындағы қауіпсіздік мәселесіне және барлық нормативтік талаптың сақталуына ерекше назар аудару керектігі міндеттелді.
