Хасан Қасымбаевқа сот үкімі шықты

Фото: видеодан скрин

Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Хасан Қасымбаевпен бірге айыпталушылар орындығында Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров отыр.

Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу.

Сот үкімімен Хасан Қасымбаев кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тергеу материалдарына сәйкес, айыптау екі эпизод бойынша тағылған. Жәбірленушілер ретінде кәсіпкер Әріпжан Тәжіев пен фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімов танылған.

Іс қоғам назарын аударғандықтан, Талғар аудандық сотының ғимараты күшейтілген күзетке алынды. Сот аумағында және сыртында полиция қызметкерлері кезекшілік етті, сот маңындағы қозғалыс уақытша шектелді.

Сот отырысына көп адам — негізінен айыпталушылардың туыстары жиналды. Залда кей сәттерде айғай-шу байқалды. Кісі қарасы көп болғандықтан, журналистер процесті көршілес кабинеттен бақылаған.

Отырыс кезінде кейбір сотталушылар бейнежазба жүргізуге қарсылық білдіріп, түсірілімді тоқтатуды талап еткен. Олар күзет тұрған кабинаның әйнегін ұрғылаған.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қасымбаевқа — 15 жыл, ал қалған сотталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейінгі мерзім сұраған болатын.

Яндекс.Метрика