Фото: © REUTERS / Shamil Zhumatov/Illustration
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек латын графикасына көшу процесінің кешеуілдеу себептері мен қазіргі жағдайына тоқталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, латын қарпіне көшу бастамасы алғаш рет 2017 жылы көтеріліп, қоғамда үлкен серпіліс тудырған.
– Сол жылы Парламентте әліпбидің алғашқы нұсқасы – диграф үлгісі таныстырылды. Кейін апостроф үлгісі Президенттің Жарлығымен бекітілді, бірақ бұл нұсқа азаматтық қоғам тарапынан сынға ұшырады. 2018 жылы үшінші нұсқа ұсынылды, алайда ол да лингвистикалық талаптарға сай болмады, – дейді ғалым.

2019 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде үшінші нұсқаның емле ережелері жарияланған соң, елде саяси өзгерістер басталып, процесс тоқтап қалды. Кейін «жетілдірілген әліпби» нұсқасы дайындалғанымен, билік тарапынан нақты шешім қабылданбаған.
– Өкінішке қарай, әліпби жасау ісі ғылыми негізден гөрі саяси бедел мен амбицияға айналып кетті. Ал фонетика саласының көрнекті ғалымы Әлімхан Жүнісбеков ұсынған «ұлттық әліпби» жобасы ғылыми тұрғыдан өте дәл болғанымен, ескерусіз қалды, – дейді Қапалбек.

Маманның пікірінше, қазіргі таңда латын әліпбиі мәселесі жоғары деңгейде тоқтап тұр. Бұл тақырып ғылыми ортада ғана талқыланады, ал қоғам үшін өзектілігін жоғалтқан.
– Қазіргі геосаяси жағдайда кириллицадан бас тарту — Қазақстан үшін күрделі әрі тәуекелді шешім. Сондықтан әзірге тек қазақ пен қырғыз елдері ғана кирилл қарпін қолдануда. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмауы тиіс. Латынға көшу – ұлттық тілдің болашағы үшін маңызды қадам, – дейді ғалым.

-
Қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына бағынуы;
-
Оқуға және жазуға жеңіл болуы;
-
Төл дыбыстарды дәл беруі;
-
Жат дыбыстардың болмауы;
-
Классикалық латын пернетақтасына сай келуі;
-
Ақпараттық технологияларға бейімделуі;
-
Түркі халықтарының әліпбилерімен үйлесімді болуы.
Қапалбектің айтуынша, соңғы талап — түркі халықтарының бір тілде сөйлеуін емес, рухани және ақпараттық жақындасуын білдіреді.

– Түркі елдері латын қарпін қолдану арқылы өзара мәдени және саяси интеграцияға бет алып отыр, – деп түйіндеді профессор.
