The Washington Post басылымы «Қазақстанның Абрахам келісімдеріне қосылудағы қызық жолы» атты мақаласын жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Онда Астананың бұл келісімдерге қосылу шешімі ойластырылған әрі прагматикалық қадам деп бағаланған.
Басылымның атап өтуінше, бұл қадам Қазақстанның тәуелсіз ойыншы ретіндегі бейнесін нығайтып, Мәскеу мен Бейжіңнен белгілі бір алшақтықты көрсетеді және «Вашингтонның оң назарын аударуға бағытталған ақылды әрі прагматикалық қадам» ретінде қарастырылады.
Мақалада президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен сарапшылардың пікірлері келтірілген. Олар бұл бастама Қазақстанның сыртқы саяси байланыстарын әртараптандыруға және АҚШ-пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталғанын атап өткен.
АҚШ-тың арағайындығымен жасалған Израиль мен араб елдері арасындағы Абрахам келісімдеріне Қазақстанның қосылатыны туралы жаңалық көпшілікті таңғалдырды. Географиялық тұрғыда Таяу Шығысқа қатысы жоқ елдің бұл шешімін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен диалогқа шағын үлес» деп сипаттады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Таяу Шығыс бейбітшілігіне емес, АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған саяси қадам. Quincy институтының сарапшысы Елдар Мамедов:
«Қазақстанның Таяу Шығыста ықпалы жоқ, бірақ Абрахам келісімдеріне қосылу — Трампқа және АҚШ-қа бағытталған арзан, бірақ тиімді сигнал. Мақсат — Ресейге тәуелділікті азайтып, сыртқы саясатты әртараптандыру», — деп жазды.
Тоқаевтың Вашингтонға сапары кезінде Қазақстан мен АҚШ арасында 17 млрд доллардан асатын келісімдер жасалды. Оның ішінде Boeing ұшақтарын, John Deere техникасын, сондай-ақ OpenAI және Nvidia компанияларымен жасанды интеллект саласындағы әріптестік бар.
Сарапшылар бұл арқылы Астананың Мәскеу мен Бейжіңнен ішінара алыстап, тәуелсіз саясат ұстанып отырғанын айтады. Вирджиния технологиялық университетінің профессоры Джерард Тоал атап өткендей:
«Ақ үйге барудың өзі — Кремльге Қазақстанның дербес шешім қабылдай алатынын көрсетеді».
Atlantic Council сарапшысы Эндрю Д’Аньери бұл шешімді «АҚШ пен Еуропаның назарын өзіне аудартуға бағытталған ақылды әрі прагматикалық қадам» деп бағалады.
