ХАМАС Израильге Газада 11 жыл бұрын қаза тапқан әскеридің денесін қайтарды

Израиль жексенбіде тапсырылған мәйіттің 2014 жылы Газа секторында қаза тапқан лейтенант Хадар Голдинге тиесілі екенін растады. Израиль Қорғаныс әскерінің өкілдері, сәйкестендіру үдерісі аяқталғаннан кейін, тұтқынға түскен лейтенант Хадар Голдиннің отбасына олардың жақыны Израильге қайтарылғанын хабарлады.

Бұл туралы BBC хабарлады.

Голдин – атышулы бітім келісімі аясында мәйіті қайтарылған 24-ші азамат. ХАМАС жалпы 28 адамның денесін қайтаруға міндеттелген.

– Ұзақ та азапқа толы 11 жылдан кейін Израиль қаһарманы лейтенант Хадар Голдин бүгін туған еліне оралды, – деп жазды президент Ицхак Герцог X әлеуметтік желісінде.

Израиль әскері Голдиннің екі солдатпен бірге атыс барысында қаза тапқанын, кейін оның денесін содырлар алып кеткенін мәлімдеуде. ХАМАС-тың әскери қанатының айтуынша, оның мәйіті Рафах ауданындағы туннельден табылған. Бұған дейін ұйым Голдиннің қаза тапқанын және оның денесі өздерінде екенін мойындамаған болатын.

Яндекс.Метрика