Фото: Pixabay
Солтүстік Қазақстан облысында Мағжан Жұмабаев ауданының Жастар ресурстық орталығында жүргізілген тексеру нәтижесінде мекемедегі бухгалтер 17 млн теңгені жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Облыстық прокуратураның мәліметіне сәйкес, бухгалтер 2020 жылғы қаңтардан 2025 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде өз жеке шотына 17 млн теңге сомасында жалақы және басқа да төлемдерді заңсыз аударған.
Тексеру нәтижесінде, 2025 жылғы 27 наурызда аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Мағжан Жұмабаев аудандық сотының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі үкімімен Орталық есепшісі аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапкершілік пен бухгалтерлік қызметке қатысты лауазымдарды атқару құқығынан айырумен, 7 жылға бас бостандығынан айырылды (үкім заңды күшіне енді).
Қылмыстық кодекстің 74-бабының талаптарына сәйкес, сотталғанда жас баласының болуына байланысты оның жазасының мерзімі 2028 жылдың 27 қыркүйегіне, яғни бала он төрт жасқа толғанға дейін қалдырылды.
Мемлекетке келтірілген шығын ішінара өтелді», – делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы бюджет қаражатын пайдаланудың заңдылығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.
