Фото: reuters
ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіру көлемін алдағы үш айда арттырмау туралы шешімі — мұнай экспорттаушы елдер үшін тиімді қадам болуы мүмкін. Себебі өндіріс азайған жағдайда нарықтағы баға көтеріледі, ал бұл өз кезегінде экспорттан түсетін валюталық түсімді арттырады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Соңғы айларда мұнай бағасы айтарлықтай төмендегені байқалады. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер еткен.
— Бұрын мұнай өндіруді белсенді жүргізіп келген Ресей бүгінде Еуропа елдерінің санкцияларына байланысты өз мұнайын арзандатылған бағамен сатуға мәжбүр. Қазір ресейлік мұнай барреліне 30–40 доллардан сатылып жатыр. Ал бұрын бұл көрсеткіш 50–60 доллар аралығында болатын. Нарықтағы тұрақты баға шамамен 65–75 доллар шамасында болуы тиіс, — дейді ол.
Осы себепті ОПЕК мұнай өндіру көлемін шектеу арқылы бағаның шамадан тыс төмендеуін тежеуді көздеп отыр. Егер мұнай бағасы 65–75 доллар деңгейінде тұрақтаса, бұл Қазақстан бюджеті үшін де қолайлы болмақ.
Алайда экономистің пікірінше, ел экономикасы тек мұнайға арқа сүйемеуі керек.
— Қазақстан бюджет кірісін ұлғайту үшін салық саясатын түбегейлі қайта қарауы қажет. Қазір бізде прогрессивті салық жүйесі бар сияқты көрінгенімен, іс жүзінде ол формалды түрде ғана жұмыс істейді. Айына 3 миллион теңгеден жоғары табыс табатын азаматтар 15 пайыз төлейді, ал басқалары — 10 пайыз. Бірақ мұндай табысы бар адамдардың саны бар болғаны 26 мың. Бұл бюджетке елеулі әсер етпейді, — дейді Жобаев.
Сарапшының айтуынша, Ресей тәжірибесіндегідей салық мөлшерлемесін кезең-кезеңімен 25 пайызға дейін көтеру қажет.
— Мысалы, айына 1 миллион теңге табатындарға — 15%, 1,5 миллионнан асатындарға — 20%, ал 2 миллион теңгеден жоғары табыс табатындарға — 25% салық салынса, бюджет кірісі айтарлықтай өсер еді, — дейді ол.
Бұдан бөлек, экономист квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың салық төлеуден жалтаруы және мемлекеттік қаржыға тәуелділігі де бюджет тапшылығына ықпал етіп отырғанын атап өтті.
— Қазір корпоративтік табыс салығын 25 пайызға дейін көтердік, бірақ кейбір салаларда, мысалы ойын бизнесі мен кино өндірісінде бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін арттыруға болады. Бұл бюджет табысын көбейтіп, Ұлттық қорға жүгінбеуге мүмкіндік берер еді, — деді Жобаев.
Қазіргі таңда Қазақстанның бюджет тапшылығы шамамен 4,6 трлн теңге. Оны жабу үшін жыл сайын Ұлттық қордан 3,5–4 трлн теңге көлемінде қаржы алынып отыр.
— Бұл ұзақ мерзімді шешім емес. Сондықтан салықтық және экономикалық реформаларды созбай, тезірек жүзеге асыру қажет, — деп түйіндеді экономист.
