Ақмола облысында 8 вагон рельстен шығып аударылып қалды

Вагондардың жолдан шығу себептері тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ақмола облысында 8 вагон рельстен шығып, аударылып кетті. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Апат 6 қараша күні сағат 17:53-те Макинка станциясындағы «Бота 2015» ЖШС-нің кірме жолында орын алды. Рапс майы тиелген 12 вагон өздігінен жүріп кетіп, оның 8-і аударылды.

Маневрлік жұмыстарға тартылған локомотив жеке компанияға тиесілі, локомотив бригадасының қызметкерлері де осы ұйымнан.

«Оқиға салдарынан байланыс желісінің құрылғылары зақымданды. Зардап шеккендер жоқ. Пойыздардың қозғалысында кідірістер бар», — деп хабарлады компания.

Апаттың салдарын жою және инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың апаттық және қалпына келтіру пойыздары жіберілді.

Арада жарты сағат өткеннен кейін ҚТЖ оқиға салдары жедел жойылып, қозғалыс қалпына келтірілгенін хабарлады.

Яндекс.Метрика