Фото: azattyq-ruhy.kz
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстандағы банк жүйесіне қатысты өткір мәлімдеме жасады. Ол жаңа банк заңы енді банктерді халық есебінен құтқаруға тыйым салатынын және акционерлер өз қателігі үшін өздері жауап беретінін айтты. Депутаттың айтуынша, бүгінде халық пен бизнестің банктер алдындағы жалпы қарызы 38,7 триллион теңгеге жеткен, оның басым бөлігі – тұтынушылық кредиттер. Адамдар қарызға белшесінен батып жатқанда, банктер соңғы жарты жылда 1,4 триллион теңге таза пайда тапқан. Бұған қоса, алаяқтар азаматтардың атына рұқсатынсыз кредит рәсімдеп, халықтың қалтасын қаққан жағдайлар жиілеп кеткен. Елнұр Бейсенбаев банктердің өз клиенттерінің жеке деректерін қорғауға салғырт қарап отырғанын, тіпті кей деректердің сатылып жатқанын да жасырмады. «Енді бұған жол жоқ», – деді ол. Жаңа заң банктерге әділ қызмет көрсетуді, алаяқтыққа жол бермеуді және рұқсатсыз операциялар үшін жауап беруді міндеттейді. Бұдан былай банктерді бюджет есебінен емес, өз акционерлерінің қаражатымен сауықтыру қарастырылған. Депутаттың сөзінше, бұл – халықтың мүддесін қорғауға және қаржы жүйесіне деген сенімді қалпына келтіруге бағытталған шешім.
