Фото: Видеодан алынған кадр
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория Үкімет отырысында елдегі футбол клубтарын жекешелендіру барысы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Оның айтуынша, қазан айының соңында «Қайсар» футбол клубы ресми түрде жеке меншікке берілген. Клубтың жаңа иесі – TAU Group LTD компаниясының басшысы Иманғали Қозбақов.
«Қызылорда облысының әкімдігі футбол академиясын салу үшін жер телімін бөлді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 12 миллиард теңге», — деді Лория.
Сондай-ақ, 15 қарашаға дейін «Қызыл-Жар» және «Жеңіс» футбол клубтарын инвесторларға беру жоспарланған.
«Астана әкімдігі „Жеңіс“ клубы үшін заманауи футбол академиясын салуға арналған жер телімін бөліп отыр. Клубты инвесторға өткізуге қатысты барлық заңдық рәсімдер 15 қарашаға дейін аяқталуы тиіс. Академияға салынатын инвестиция көлемі шамамен 16 миллиард теңге болады», — деді КФФ бас хатшысы.
Бұдан бөлек, қараша айының соңына дейін Қарағандының «Шахтёр» клубы да жекешелендіріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетсек, футбол клубтарын жеке қолға беру процесі жуырда басталған. Олигархтардың футболға қызығушылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен байланысты. Ол өз мәлімдемесінде клубтарды жеке секторға беру қажет екенін атап өткен болатын.
