Қарағанды облысында «Үміт Самғау» ұйымы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек береміз деп сендіріп, 400-ден астам адамнан 100 миллион теңгеден аса қаржы жинаған. Тергеу материалдарына сәйкес, салымшыларға 300%-дан 800%-ға дейін табыс уәде етілген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Компания өз қызметін жалғызбасты аналарға, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін қайырымдылық жобасы атауын жамылған. Жұртқа салған қаражатының 300%-дан 800%-ға дейін табыс әкелетіні жөнінде уәде беріліп, әртүрлі «салым түрлері» ұсынылған.
Жоба шарттары бойынша – салым көлемі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым көп болатыны айтылған. Қатысушыларға төлемдер нақты кәсіпкерлік қызмет есебінен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
«Қылмыстық схемаға ұйымдастырушының туыстары мен таныстары «дропперлер» ретінде тартылған, олардың атына тіркелген банктік карталары мен шоттарына салымшылардың ақшасы қабылданған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 400-ден астам азамат тартылып, жиналған қаражаттың жалпы көлемі 100 млн теңгеден астқан.
Сот санкциясымен күдіктінің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
