Пәтер бағасы тағы қымбаттауы мүмкін: Үйін жалға беретіндерге жаңа талап енгізілмек

Фото: Pixabay

Енді пәтерін жалға беріп, табысын жасырған азаматтар мемлекет назарында болады. Қаржы министрлігі “көлеңкелі” жалға беру нарығын ашық етуге кірісті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Қазір елде жалға беру келісімдерінің шамамен 70 пайызы заңсыз жасалады. Көптеген пәтежар иелері келісімшартсыз, салықсыз ақша алып жүр. Әсіресе, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бұл – үйреншікті жағдай.

Жылжымайтын мүлік федерациясының төрағасы Ермек Мүсрепов бұл өзгерісті орынды деп санайды. Бірақ, оның айтуынша, бастысы – жүйені күрделендірмеу:

“Егер мемлекет тек айыппұл мен тексеріске сүйенсе, нәтиже болмайды. Адамдар одан сайын жасырынады. Ал егер бәрі жеңіл әрі түсінікті болса – азаматтар табысын ашық көрсетуге дайын”, – дейді сарапшы.

Мүсреповтың айтуынша, егер пәтер иелеріне жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті болмай, тек табысының 2–3 пайызын салық ретінде төлеп, жылына бір рет қысқаша есеп берсе – барлығы заңды түрде жұмыс істеуге көшер еді.

Бірақ бұл өзгеріс алғашқы кезде пәтер бағасына әсер етуі мүмкін. Үй иелері төлейтін салықты жалдау ақысына қосып, баға сәл өсуі ықтимал. Бұл уақытша құбылыс, дейді мамандар. Ұзақ мерзімде жүйе нарықты тұрақтандырып, пәтер иесі мен жалға алушының құқығын қорғайды.

Маманның сөзінше, егер үкімет түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізіп, рәсімдерді жеңілдетіп, салық мөлшерін аз деңгейде ұстаса – бұл нарықты тазартатын маңызды қадам болмақ. Ал егер бәрін қиындатып жіберсе, бұрынғыдай жасырын жалға беру жалғаса береді.

Қаржы министрлігі алдағы уақытта пәтерін заңсыз жалға беріп жүргендерді анықтау жұмыстарын бастайтынын растады.

Яндекс.Метрика