Ауғанстанда жер сілкінісі салдарынан 20 адам қаза тапты

Жарақат алғандар бар.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласында магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі болды. Салдарынан 20 адам қаза тауып, 75-тен астам адам жарақат алды, жергілікті басылымға сілтеме жасап хабарланды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Балх провинциясында табиғи апаттан кем дегенде 20 адам қаза тауып, 75-тен астам адам жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында екі бала бар. Олардың үйі опырылып түскен.

Мазари-Шариф қаласындағы көк мешітке зақым келген. Желідегі кадрлардан елдегі ең қасиетті ескерткіштің сыртқы фасадының бір бөлігі құлағанын көруге болады.

Көршілес Саманған провинциясында екі адам көз жұмып, шамамен 200 адам зардап шеккен. Саманған мен Балх арасындағы негізгі автожол құлаған тастарға байланысты жабылып қалды.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Билік құрбандар саны артуы мүмкін екенін хабарлады.

Яндекс.Метрика