Фото: видеодан скрин
Орал мен Ақсайдың арасындағы Багдановка бағыты қазір нағыз азап жолына айналды. Күзгі жаңбыр жауған соң жол опырылып, түгелдей батпаққа айналған. Асфальт атымен жоқ, әр бұрылыста шұңқыр, әр метр сайын лай мен су. Тұрғындар “бұл жол емес, сұмдық” деп ашуланып отыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
“Жол деген аты ғана. Кеше таксимен шықтым, жарты жолда көлік батты. Қазір Орал мен Ақсайдың арасында жүру — тәуекел. Трактор болмаса, шыға алмайсың”, — дейді халық
Әлеуметтік желілерде тұрғындар видео мен суреттер жүктеп, “бұл соғыс даласындай”, “мұнда көлік емес, танк жүру керек” деп жазып жатыр. Жол мәселесі жыл сайын айтылғанымен, нәтиже жоқ. Бір жыл “жоба дайындалып жатыр” дейді, келесі жылы “қаражат қарастырылуда” деп жауап береді. Ал осы уақытта халық батпақ кешіп, көлік жөндеп жүр.
“Бұл жол бастапқыдан дұрыс салынбаған. Су ағызатын жүйе жоқ, топырақ нығайтылмаған. Сондықтан әр жауын сайын бәрі шайылып кетеді. Егер осылай кете берсе, көктемде бұл бағытпен жүру мүлде мүмкін болмайды,” — дейді тұрғындар.
Тұрғындар болса, “жол жасалады” деген уәдені емес, нақты істі күтеді. Өйткені Орал–Ақсай–Багдановка бағыты — жай ауыл жолы емес, адамдардың күнделікті өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін магистраль. Қазір бұл жол Батыс Қазақстандағы ең ауыр және ең даулы бағыттардың бірі атанып отыр.
