Фото: видеодан скрин
Исламтанушы Асқар Сабдин радикалды діни бағыттағы адамдарды сынап, сәләфилердің тигізген зиянды әрекеттерін сынға алды. «Qasqa Jol» бағдарламасына сұхбат берген ғалымның ойынша, хадистердің бәрін қабылдай беру артық. Ал журналист бір кездері жаппай оранып, кейін кешірім сұрап, орамалын шешудің де сәнге айналып кеткенін сынап өтті, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Оның сөзінше исламда ұлттық мемлекет деген ұғым болмайды. Олар үшін ұлт басты орында емес. Тіптен бір кездері радикалданған діншіл азаматтар Қазақстанның паспорты мен жеке куәлігін де өртеген. Діни радикализге кеткен жастар ұлттық болмыстарымызды толық мойындамайды.
«Мен олармен тікелей жұмыс істедім. Сәләфи ағымындағылар Әл—Фарабиді мойындамайды. Кәпір санайды. Олар үшін Жүсіп Баласағұн ешкім емес, кәпір, адасқан. Оның кітабында жұлдыздар туралы айтылған, адасқан деп санайды. Ахмет Яссауиді мойындамайды, кәпір деп санайды. Олар үшін анау адасқан, мынау бидғатшы», — деді исламтанушы Асқар Сабдин.
Оның пікірінше жат ағыммен жүрген жастарды Ханафи мәсхабына қайтару өте қиын, көп уақыт пен күш, білім керек. Түрлі діни ағымдардың көбейіп кетуінен және діни алауыздықтың кесірінен қазақтың болмысы әлсіреп кеткен. Ғалымның сөзінше, шала діншіл, танымал адамдардың да исламды толық үйренбей жатып насихаттауы қазақтың болмысын әлсіретті.
«Бес адаммен жұмыс істесек, оның біреуіне немесе екеуіне ғана ойыңды жеткізе аласың, оларды жат ағымнан қайтару өте қиын. Араб жазирасына тиесілі хадистердің қазаққа қатысы жоқ. Сосын соңғы жылдары спортшылар, әнші-әртістер мен блогерлер бір сәтте исламның ғұламалары болып шыға келді. Олар бір аяғымен сәләфизмге өткендер деп санауға болады», — деді исламтанушы-теолог.
