Фото: Видеодан кадр
Полиция қызметкерлері Бәйтерек ауданының 59 жастағы тұрғынының үйіне тінту жүргізді.
«Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Батыс Қазақстан облысында тыйым салынған өсімдіктерді өсіретін жасырын зертхана анықталып, жойылды.
Тексеру барысында сұр-жасыл түсті, өзіне тән иісі бар қарасора тұқымдасына жататын өсімдікке ұқсас екі түп табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, үй ауласынан диодты жарықпен, желдеткішпен, электр қуатын беруге арналған таймермен жабдықталған, қабырғалары арнайы қапталған фитозертхана табылды.
– Бөлмені қарау кезінде тәртіп сақшылары өсімдік тектес жемістері бар бір үлкен қорап пен жапырақтары мен бұталары салынған екі полиэтилен қапты тәркіледі. Сараптама нәтижесінде бұл заттардың қарасора тұқымдас өсімдіктер болуы мүмкін екені анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіріп, сақтаған адамның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады.
