Фото: Satbayev University
Елордада Satbayev University жаңа кампусының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа кампус инженерлік білім, ғылым және инновация орталығына айналып, академиялық даярлық, зерттеу және индустрияны біріктіруді мақсат етеді.

Тоқсан жылдан астам тарихы бар Satbayev University 160 мыңнан астам инженер дайындап, Қазақстанның индустриялануына, энергетика, геология және машина жасау салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Еліміздің алғашқы ұлттық зерттеу техникалық университетінің Астанадағы инженерлік кампусы – солтүстік өңірлерде қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп салалары үшін жаңа буын инженерлерін даярламақ.

Өнімді ғылыми-білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында Satbayev University инженерлік кампусы аддитивті технологиялар, робототехника, энергетика және машина жасау бағыттарындағы заманауи зертханалармен, сондай-ақ коворкингтер мен ыңғайлы зерттеу кеңістіктерімен жабдықталған. Оқу үдерісі Satbayev University академиялық стандарттарына және индустриялық серіктестер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сай құрылған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім экономикасына көшу жағдайында елге техникалық мамандықтар бойынша жоғары білікті инженерлер қажет:
«Біздің мамандар білімді әрі білікті болуы керек, сонда ғана олар жаһандық бәсекеге төтеп бере алады».
Satbayev University инженер даярлау бағдарламаларын жаңартып, енді студенттер тек жоғары технологияларды қолданумен шектелмей, оларды өздері де жасайтын деңгейге көтеріледі.

Ашылу рәсімінде сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жаңа кампустың ашылуы жоғары білім беру жүйесінің өсуінің және уақыт талабына бейімделіп, орталық өңір экономикасы үшін қажетті кадрлар даярлауға ұмтылысының айқын белгісі екенін атап өтті.
Satbayev University білім кеңістігінің кеңеюі университет пен дамып келе жатқан өнеркәсіптік орталықтар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – білім, ғылым және индустрияны біріктіріп, инженер болуды армандайтын әрбір адамға техникалық білімді қолжетімді ету», – деп атап өтті Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев.
Қазақстандық инженерлік мектеп дәстүрлері академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оның қолдауымен Қазақ политехникалық институты, қазіргі Satbayev University, еліміздің өнеркәсіптік өңірлеріндегі көптеген техникалық жоғары оқу орындарының негізін қалады.
