Суды үнемдеу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа бұйрық қабылдады.
Бұл бұйрық «Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру бойынша көрсетілген қызметтер көлемдерін есептеу әдістемесін» бекітеді.
Құжатқа сәйкес, көп қабатты тұрғын үйлерден келетін су көлемі тұрғындарға бөліп төлеу арқылы қарастырылған. Елордалық МИБ басшысы Сәбит Оспановтың айтуынша, қазіргі уақытта әр пәтер иесі ыстық және суық су үшін есептегіштердің көрсеткіштері бойынша ақы төлейді.
«Алайда, ай сайын әрқашан айырма туындайды. «Астана су арнасы» мен «Теплотранзит» нақты бір тұрғын үй кешеніне белгілі көлемде су берілгенін тіркейді. Әр пәтер иесі, сонымен бірге бірінші қабаттағы, жертөледегі коммерциялық жалға алушылар, қанша су пайдаланғанын өздері хабарлайды. Есептердің өзі сәйкеспейді. Мұның бірнеше себебі бар. Кейбір баспана иелері көрсеткішін хабарламайды. Немесе құбыр жүйесіндегі жырық-тесіктен су ағып кетуі мүмкін», – деді МИБ төрағасы.
Жаңа бұйрықпен бекітілген әдістемеге сәйкес, су есептегіштердің көрсеткіштерінен артылып қалған су айырмасы тұрғын үйдегі барлық пәтер арасында бөлінеді. Яғни, уақытында көрсеткішін хабарламайтын көршілер үшін басқа тұрғындарға төлеуге тура келеді.
Мәселен, елордамызда «Теплотранзит» ыстық судың көрсеткішін дер кезінде мәлімдемегендерге ай сайын 3 текше метр суды өз бетінше қосады. Ал «Астана су арнасы» ондай «айыппұлды» қолданбайды.
Жаңа әдістемеге сай, жалпы үйлік суды есептеу аспабы – коммуналдық қызметтер үшін негізгі норма болады. Енді сіздің пәтеріңіз емес, дәл соның көрсеткіштері бірінші кезекте ескерілетін болады.
«Жалпы үйлік ортақ есептеу аспабының көрсеткіштері мен жеке есептеу аспаптарының жиынтық көрсеткіштері арасындағы теріс айырмашылық туындаса, жеткізуші, коммуналдық қызмет тұтынушылар арасында сумен қамтамасыз ету көлемін қайта есептеуді жүзеге асырады. Бұл норма жалпы үйлік ортақ және жеке су есептеу аспаптары 100% болғанда және бір мезгілде есептеу аспартарынан көрсеткіштерді алу кезінде қолданылады», – деп мәлімдеді министрлік.
Бұйрықта көрсетілгендей, жеке тұлғалар мен кондоминиум қатысушыларына сумен жабдықтау қызметтерінің көлемі мынадай тәртіпте анықталады:
•жеке және жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы болмаған жағдайда – әкімдіктер бекіткен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша;
•жеке есепке алу аспабы ішінара орнатылған және жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы болмаған жағдайда – жеке есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша және әкімдік бекіткен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша;
•жеке есепке алу аспабы ішінара орнатылған және жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы болғанда: есепке алу аспабы барлар үшін – жеке есепке алу аспарларының көрсеткіштері бойынша; есепке алу аспабы жоқтар үшін – әкімдік бекіткен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша;
•100% жеке есепке алу аспабы болса және жалпы үйлік есепке алу аспабы болмаған кезде – жеке есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша;
•100% жеке есепке алу аспабы және жалпы үйлік есепке алу аспабы болған кезде – жеке есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша төленеді.
«Жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабының көрсеткіштері мен жеке есептеу аспабының жиынтық көрсеткіштері және әкімдік бекіткен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша есептелген көлемдер арасындағы айырмашылықты пәтерлер, жанастыра салынған және жапсарлас салынған есептегіштері жоқ тұрғын емес үй-жайлардың иелері төлеуге міндетті», – деп мәлім етті министрлік.
Сондай-ақ, егер тұрғындарда су есептегіші болмаса, тұтынған су көлемі облыс немесе қала әкімдігі бекіткен норма бойынша айқындалады. Бұл жағдайда әр үйде тіркелген әр адамның тұтынған суы белгілі бір текше метрден есептеледі. Мәселен, Астанада 1 адам айына 3 текше метр су тұтынады деген норма бар.
Егер су есептегіш пәтерлердің бірінде болса, ал екінші пәтерде болмаса, аралас әдіс қолданылады – есептегіштердің көрсеткіштерінің деректері әкімдіктің нормативімен қосылады.
Егер әр пәтердің жеке есептегіші болса, сонымен қатар жалпы үйлік есептегіш орнатылса, осы аспаптар арасындағы айырма тұрғындар арасында бөлінеді.
Мысалы, егер жалпы үйлік су есепке алу аспабы 100 текше метр су берілгенін тіркесе, ал пәтерлердің есептегіштері 95 текше метрді құраса, қалған 5 текше метр әр пәтерде тұратын тұрғын санына қарай пропорционалды бөлінеді. Осы үш әдіс бойынша да пәтер иелері көп су жұмсайтын көршілерінің ауыртпалығын бірге көтеруге тиіс.
Сумен жабдықтау және кәріз-канализацияға арналған жаңа әдіс 2025 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді. Яғни, ол тек желтоқсанда келетін түбіртекте көрініс табуы мүмкін.
Қоғам сынына жауап берген ведомство «жаңа әдістеме қазақстандықтардың су үшін ақысының артуына әкелмейді» деп айтуда.
«2025 жылғы 1 қарашадан сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеу бойынша жаңа әдістеме күшіне енеді. Кейбір БАҚ жаңа есептеу тәртібі енгізілгеннен кейін қазақстандықтар көршілерінің есебінен суды қымбатырақ төлейді деп хабарлаған еді. Алайда, ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарып, алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдейді. Қабылданған әдістеме жаңа төлем түрлерін енгізбейді және су үшін төлем мөлшерін арттырмайды», – деп уәде етті министрлік.
Ведомствоның айтуынша, құжаттың мақсаты – суды жеткізу және бұру көлемін анықтау үшін бірыңғай ережелерді белгілеу. Төлем бұрынғыдай су есептегіш көрсеткіштері бойынша жүргізіледі.
Демек, тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орналастырылған құрылғы деректері негізге алынады. Ал, есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен тұтыну нормалары бойынша есептеледі.
«Көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы үйлік су есептегіш болса, ал кейбір пәтерлерде жеке есептегіш жоқ болса, осы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан бар, тек түсінбеушіліктердің алдын алу үшін жаңартылған әдістемеде нақты бекітілді», – деді министрліктің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.
Оның айтуынша, осы әдістемені қабылдау сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне ақы төлеудің ұлғаюына әкелмейді.
«Әдістеме төлем қағидаттарын өзгертпейді. Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар тұтынушы тек өз тұтынған суы үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар бекітілген норма бойынша. Жалпы үйлік және жеке есептегіштер арасындағы айырмашылық ортақ үй қажеттіліктеріне арналған, ол не қателік, не айыппұл емес. Жасырын қосымша төлем болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан бар», – деді Нұрсұлтан Керімқұлов.
Сонымен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «су ақысы өспейді» деп кепілдік беруде. Бірақ бұның шын екендігін немесе жалтарға жауап беретіндігін желтоқсан айы көрсетеді.
