Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Президент Орталық Азия елдеріндегі демографиялық көрсеткіштердің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін Қазақстанға тартуға үлкен мүмкіндіктер туғызатынын мәлімдеді.
– Қазақстан жаһандық білім нарығына интеграциялануды мақсат етеді. Біз күрделі, бірақ маңызды міндеттерді алға қойдық. Бұл мақсатқа жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалын аштық. Филиалдарда оқу ағылшын, орыс және қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл білім беру саласында көптілділіктің маңыздылығын көрсетеді, себебі ол адамдардың, университеттердің және тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі болып табылады. Болашақта да осы бағыт сақталады, деген күмәнім жоқ. Біз қазіргі таңда әлемдік академиялық кеңістікке шығу үшін стратегиялық қадамдар жасап жатырмыз. Сонымен қатар, барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндері міндетті түрде оқытылады. Бұл шетелдік студенттерге мәдениетіміз бен менталитетімізді тереңінен танысуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
			 
			 
			 
			