Кроуфорд Жәнібек Әлімханұлына үн қатты

Фото: X желісінен

Әлемнің абсолютті чемпионы Теренс Кроуфорд орта салмақта қос белбеу иегері қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (WBO, IBF) арнап мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жәнібектің менеджері әрі бокстағы ең ықпалды тұлғалардың бірі Эгис Климас әлеуметтік желіде Кроуфордпен бірге түскен видеосын жариялады.

Онда Кроуфорд күлімдей отырып:

 

«Мен сені бақылап жүрмін, Жәнібек», — деді.

 

Америкалық жұлдыздың сөздері қазақстандық бокс жанкүйерлерінің де назарынан тыс қалмады. Себебі Кроуфорд жуырда Канелоны жеңіп, екінші орта салмақта абсолютті чемпион атанған еді. Енді ол орта салмаққа түсіп, төртінші салмақта абсолютті чемпион болуды көздеп отыр.

Ал дәл осы салмақта 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы үшінші белбеу үшін айқасқа шығады. Ол WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жұдырықтасады.

Жекпе-жек АҚШ-тың Техас штатына қарасты Сан-Антонио қаласындағы «Frost Bank Center» аренасында өтеді. Бұл кездесуді Premier Boxing Champions ұйымдастырады және ол PPV кешінің басты айқасына теңестірілген.

Кештің негізгі жекпе-жегінде мексикалық Исаак Крус пен америкалық Ламонт Роуч рингке шығады.

Егер Жәнібек Лараны жеңсе, ол орта салмақтағы WBO, IBF және WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, үш белбеу иесі атанады. Ал толық мақсатына жету үшін оған тек WBC чемпионы Карлос Адаместің белбеуі ғана жетпей тұр.

Яндекс.Метрика