Фото: Pixabay
Ақтөбеде 8-сынып оқушысы әкесінің көлігімен рұқсатсыз мініп шығып, жол апатына ұшырады. Оқиға «Бауырластар» тұрғын ауданында болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Полицияның дерегінше, жасөспірім көлікті басқара алмай, жол апатына себеп болған. Ол алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды.
Бұл – соңғы екі айдағы дәл осы ауданда болған екінші осындай қайғылы жағдай. Бұған дейін, 2 қыркүйекке қараған түні Әлімхан Ермек көшесінде 16 жастағы жасөспірім Mitsubishi Carisma көлігін ата-анасының рұқсатынсыз айдап шығып, апатқа ұшыраған. Ол да алған жарақатынан көз жұмған еді.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті ата-аналарға балалардың мінез-құлқын және олардың көлік құралдарына қол жеткізуін қатаң бақылауға алуды ескертті.
Полиция деректері бойынша, биыл өңірде 1 632 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 мыңнан астам адам жарақат алып, 99 адам қаза тапқан, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Қазір облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр (27-31 қазан аралығы). Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, әсіресе балалар, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер арасындағы жол апаттарының алдын алу.
