Аталған кездесу АҚШ пен Қытай секілді алып екі державаның қарым-қатынасын жақсарта түседі деп болжанған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың кездесуі Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтуде.
ҚХР төрағасы бұл жерге Америка көшбасшысынан бұрын Азия – Тынық Мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитіне қатысу үшін келген болатын.
CBS News басылымының жазуынша, Трамп өзінің қысқа үндеуінде Си Цзиньпинмен қарым-қатынасы жақсы екенін айтқан.
– Мен бүгінгі кездесуіміздің сәтті болатынына күмән туғызбаймын. Десе де, ол – өте қатаң келіссөз жүргізуші. Бұл, әрине, жақсы емес, – деді ол.
Қытай көшбасшысымен кездеспес бұрын Трамп «мен үшін досыммен кездесу – үлкен мәртебе» деген мәлімдеме жасаған.
– Төраға Си – ұлы елдің ұлы көшбасшысы. Біздің арамызда ұзақ жылдар бойы керемет қарым-қатынас болады, – деп ағынан жарылды АҚШ президенті.
Өз кезегінде Си Цзиньпин «мен де сізбен жүздескеніме қуаныштымын» деп айтқан. Сонымен қатар, Қытай көшбашысы биыл өзінің Трамппен 3 рет телефон арқылы сөйлескенін, бірнеше рет хат алмасып, екеуара байланысын жақсарта түскенін жеткізді.
