Қазақстанда ЛГБТ пропагандасына тыйым салу көзделіп отыр: кітаптар мен фильмдерге арнайы шектеулер енгізіледі

Фото: дереккөз

Мәжілісте ЛГБТ идеясын насихаттауға тыйым салатын заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Депутаттар мұндай шаралар балалар мен жасөспірімдердің психологиясын қорғауға бағытталғанын айтады. Мәжіліс кулуарында депутат Ирина Смирнова жаңа түзетулердің мазмұнын түсіндірді. Оның айтуынша, заң жобасы адамдардың жеке таңдауларына қарсы емес, алайда қоғамда ЛГБТ элементтері бар контенттің еркін таралуын шектеуге бағытталған.

«Әр адам өз өмірінде не қажет деп санаса, соны қолдана алады. Бірақ педофилияға жол жоқ. Сол сияқты ЛГБТ идеясын насихаттаудың да қажеті жоқ. Мен өз көзіммен көрдім: кітапханаларда ертегі кітаптар бар, онда “ханзада ханзадаға ғашық болады”. Мұндай мазмұндағы мультфильмдер мен комикстер де бар. Мұның бәрі балаларға әсер етеді», – деді депутат Смирнова.

Оның сөзінше, заң қабылданған жағдайда ЛГБТ тақырыбы бар фильмдер мен кітаптарға арнайы ескерту белгілері қойылады. Бұл талаптар кейін Мәдениет министрлігі әзірлейтін қосымша ережелермен реттелмек. Әлеуметтік желі мен БАҚ-тағы контент те бақылауға алынады Бұған дейін Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева да бұл түзетулердің мәнін түсіндіріп, ЛГБТ насихатын әлеуметтік желілерде, фильмдер мен жарнамада таратуға шектеу қойылатынын атап өткен еді. Ал заң жобасын талқылаған жұмыс тобының мүшелері пропаганданы әкімшілік деңгейде жазалау ұсынысын қолдады. ЛГБТ насихаты бар материал таратқандарға 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынады; Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 40 АЕК (157 280 теңге) болады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылады.

«Пропаганда» ұғымы заң деңгейінде нақты айқындалмақ Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «пропаганда» ұғымының заң жүзінде қалай түсіндірілетінін нақтылап берді. «Пропаганда деп — нетрадициялық жыныстық бағдар туралы ақпаратты көпшілікке, БАҚ арқылы немесе интернет платформаларда тарату, сондай-ақ осы арқылы қоғамда оң көзқарас қалыптастыруға бағытталған кез келген әрекет түсініледі», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл шара азаматтардың құқықтарын шектеуге емес, қоғамның құндылықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Қазақстан ЛГБТ-ны мойындамайтынын Конституцияда бекіту қажет» Кейбір депутаттар мәселені кеңінен қарауды ұсынды. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Конституцияда Қазақстанның ресми ұстанымын нақтылап көрсету қажет деп есептейді.

«Жыныс – бұл адамның биологиялық сипаттамасы, ал сексуалдық бағдар – мінез-құлықтың бір түрі. Сондықтан ЛГБТ-ны мойындамау азаматтық құқықтарды шектемейді. Менің ойымша, Конституцияға “Қазақстан ЛГБТ-ны мойындамайды” деген норма енгізу керек. Ер мен әйел бар — болды», – деді ол.

Ал оның әріптесі Еділ Жанбыршин қоғамда ЛГБТ туралы ақпараттың көбейіп бара жатқанын айтып, бұл балаларға идеологиялық қауіп төндіреді деп санайды.

«Ешкімді басқа бағдарда болғаны үшін жазалап жатқан жоқпыз. Бірақ оны жарнамалаудың қажеті жоқ. Бұл — қоғамды қорғау шарасы», – деп түсіндірді Жанбыршин.

Түзетулер енді Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады Жұмыс тобының талқылауы аяқталған соң, құжат Мәжілістің пленарлық отырысында қаралатын болады. Сол кезде түпкілікті шешім қабылданады. Еске салайық, бұл бастама алғаш рет 2024 жылы “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасын талқылау кезінде көтерілген болатын. Бірақ ол кезде ЛГБТ-ға қатысты бап заңның соңғы нұсқасына енбеген еді. Биылғы жылы бұл мәселе қайта көтеріліп, қоғамда 50 мыңнан астам қол жиналған петициядан кейін Үкімет бұл бағытта нақты шара қабылдауды шешті. Жаңа заң жобасы қабылданса, Қазақстанда ЛГБТ элементтері бар контентке арнайы белгі қойылып, әлеуметтік желі, фильм және жарнама саласында шектеу енгізіледі. Депутаттардың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты — қазақстандық балаларды және қоғамның моральдық тұрақтылығын қорғау.

Яндекс.Метрика