Фото: Pixabay
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі тұңғыш атом электр стансасының атауына түскен ұсыныстардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сәтқалиевтің айтуынша, көпшілік АЭС атауына бейжай қарамаған. Қазақстан азаматтарынан 28 мыңнан астам ұсыныс алынды, бұл үлкен қызығушылықтың белгісі. Қазіргі уақытта «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірлесе отырып, өтінімдердің құрылымын анықтау үшін жан-жақты талдау жүргізілуде. Негізгі мақсат — ұсыныстарды жасына, гендерлік мәселелеріне байланыстылығы мен орналасу аймағына сәйкес сараптау. Содан кейін байқау комиссиясының қорытынды отырысы өткізіліп, Балқаш стансасының түпкілікті атауы анықталады, – деді агенттік басшысы.
Сәтқалиев: «Ұсыныстардың арасында тарихи, географиялық атаулар, танымал тұлғалардың есімдері мен технологиялық шешімдермен байланысты көптеген атаулар бар».
«Комиссия атауға сай болу үшін бірқатар өлшемшарттарды тағайындаған. Көпке бірдейлігі — негізгі өлшемшарттардың бірі. Сонымен қатар, атом саласының имиджіне сай болуы, мәдени-тарихи құндылықтарды таныту мәселелері де ескерілуде. Атаулардың әуезді, қысқа және үш тілде — қазақ, орыс, ағылшын — түсінікті болуы өте маңызды. Бұл факторлар шешім қабылдау кезінде назарға алынатын болады», – деп атап өтті Сәтқалиев.
Еске салайық, АЭС атауына қатысты ұсыныстарды қабылдау 2025 жылдың 10 қазан күні сағат 23:59-да аяқталды.
