Фото: Видеодан кадр
Өскеменде бір аптадан астам уақыт бойы қолайсыз метеожағдай сақталып отыр. 26 қазанда «Қазгидромет» бекеттері қала ауасында зиянды заттардың шекті мөлшерден асқанын тіркеді.
Көптеген тұрғындар тамақтың ашуы, жөтел, бас ауруы мен улану белгілеріне шағымдануда. Осыған байланысты мектеп оқушылары демалысқа дейін қашықтан оқуға ауыстырылды. Журналистерге арналған брифингке экологтар, қоғам белсенділері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, оның ішінде қала әкімі Алмат Ақышев те қатысты.
— Шынында да, қала ауасында күкіртті ангидрид пен күкіртсутектің мөлшері нормадан асып тұр. Біз ластану көздерін тексердік, алайда елеулі заңбұзушылық анықталған жоқ. Неліктен асып отыр дейсіз бе? Себебі жел жоқ, күн мен түн арасындағы температура айырмасы үлкен. Соның салдарынан зиянды заттар ауада тұрып қалады. Бақылау өлшемдері жылу электр орталығында және «Казцинк» кәсіпорны аумағында жүргізілді, — деді экология департаментінің басшысы Асет Сүлейменов.
Қалалықтардың шағымынан кейін ірі өндіріс орындары шығарындыларды азайтқандарын хабарлады.
«Казцинк» компаниясы металлургиялық кешеннің қуаты уақытша 20 пайызға, ал Цинк зауытының көрсеткіші жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға байланысты 50 пайызға дейін төмендетілгенін мәлімдеді. Дегенмен тұрғындар мұның нақты әсерін байқамағанын айтады — әлеуметтік желілерде түтін будақтаған мұржалардың видеолары әлі де жарияланып жатыр.
Бас экологтың айтуынша, ауаның ластануына басты себеп — көлік санының артуы мен жеке сектордағы пешпен жылыту жүйесі.
— Қазір қалада тұрғын үйлерден шыққан түтін тікелей адамдар тұратын деңгейде тарайды. Өскеменде шамамен 36 мың түтін мұржасы бар. Бұрын халық жылына 120 мың тонна көмір жақса, қазір бұл көрсеткіш 250 мың тоннаға жеткен, — деді қала әкімі.
Оның сөзінше, бүгінде Өскеменде 132 мыңнан астам автокөлік тіркелген. 2000-жылдардың басында олардың саны небәрі 43 мың шамасында болған.
Мамандар нақты кінәлілерді анықтауға тырысқанымен, тұрғындар әлі де тыныс алу қиындап отырғанын айтады.
Еске сала кетейік, 22 қазан күні таңертең қаланы қалың «тұман» басқан. Кейін белгілі болғандай, бұл табиғи құбылыс емес — ауадағы күкіртті ангидрид мөлшері қалыптан үш есеге дейін артқан.
