Фото: Видеодан кадр
Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасының хирургтары соңғы екі жыл бойы операцияны… кәдімгі палаталарда жасауға мәжбүр. Бір қарағанда, бұл уақытша жағдай сияқты көрінеді, алайда ол екі жылға созылған шындыққа айналған.
Бұған себеп – ұзаққа созылған және сапасыз жүргізілген жөндеу жұмыстары. Тапсырыс беруші мердігерге қатысты бірқатар талап қойған. Оның айтуынша, қазіргі күйіндегі операция бөлмелері науқастардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Ал қала тұрғындары әділ сұрақ қояды: аурухана басшылығы екі жыл бойы не қарап отырды?
Халық арасында бұл нысан «жетіқабатты» деп аталады. Себебі, Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасы бірнеше ғимараттан тұратын алып кешен, оның негізгісі – жеті қабатты корпус.
Ғимаратқа кірсеңіз, өзіңізді кеңестік фильмнің кейіпкеріндей сезінесіз: биік төбелер, кең дәліздер, массивті колонналар мен үлкен холлдар — өткен ғасырдың монументалды сәулет үлгісі. Сол дәуірде салынған ғимараттың басты мақсаты — көпшілікке ұзақ жыл қызмет ету еді.
Аурухана 1984 жылы салынған. Содан бері мұнда бірде-бір ауқымды жөндеу жүргізілмеген. Сол себепті оның «винтаж» келбеті бүгінде сынға ұшырап отыр.
Мәселенің екінші жағы — қомақты қаржылық қарыз. Медициналық мекеменің кредиторлық берешегі азаяр емес, қазір ол 740 миллион теңгеге жеткен.
Осындай ауыр қаржы жағдайында, есеп бөлімі үнемділікке бет бұрғандай. Алайда, ол көбіне адамдардың еңбекақысынан үнемделіп отыр. Медбикелер мен дәрігерлер жалақының жиі кешіктірілетініне және кейде толық төленбейтініне шағымдануда. Артық сағаттар мен қосымша төлемдер есепке алынбайды.
