Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «жатақхана тек гранттағы қандастарға беріледі, ал ақылыдағы шетелдіктер бізде тұрмайды» деген ресми жауабы дауды басудың орнына, жаңа сұрақтар тудырды. Редакцияға хабарласқан студенттер университет басшылығының сөзін жоққа шығарып, жатақхана бөлудегі әділетсіздіктің одан да тереңде жатқанын айтып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Qazaq.today Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенттері хабарласқан болатын. Олар «Отаным» деп келген этникалық қазақтарға (қандастарға) жатақхана бұйырмай, ал басқа шетелдік азаматтардың жайғасқанын айтып шағымданған еді.
Нәтижесінде, жас студенттер Алматының шетіндегі Талгар, Жамбыл аудандарынан қала орталығындағы оқу орнына қатынап оқуға мәжбүр. Бұл жағдай университеттегі жемқорлық күдігін арттырып, басшылық ақылы қызмет алатын шетелдіктерге басымдық беріп отыр ма деген сұрақ тудырған.
Ресми жауапты талдау: «Тек гранттағыларға…»
Бұл шулы мақаладан кейін ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі ресми жауап берді. Университет өз жауабында «жатақхана тек мемлекеттік грант негізінде оқитын қандас тыңдаушыларға беріледі» деп кесіп айтты.
Сонымен қатар, олар «Ақылы бөлімде оқитын шетел азаматтары (мысалы, ҚХР азаматтары қытайлар) факультетке бөлінген жатақханада тұрмайды« деп сендіруге тырысты.
Алайда, бұл жауап далада қалған студенттердің ашуын ғана келтірді. Олардың айтуынша, университеттің жауабы шындыққа жанаспайды және негізгі мәселеден әдейі жалтару болып табылады.
Студенттердің тікелей жауабы: «Бұл өтірік!»
Редакция жатақханадан тыс қалған студенттермен қайта хабарласты. Олар университеттің «грант» туралы уәжін жоққа шығарды.
«Біздің арамызда грантта оқитындар да, ақылы бөлімде оқитындар да бар,» — дейді аты-жөнін атамауды сұраған студенттердің бірі. — «Бізге ‘кезек’ деп сылтауратты. Бірақ біздің факультетте ақылы оқитын басқа шетелдіктер жатақханада жатыр. Ал біз, ақылы түгілі грантта оқысақ та, ұлтымыз қазақ болсақ та, далада қалдық. Бұл қалай?»
Студенттер ҚазҰУ-дың «ақылы шетелдіктер бізде тұрмайды» деген сөзімен де келіспейді.
«ҚазҰУ ‘бізде тұрмайды’ деп ашық өтірік айтып отыр,» — дейді екінші студент. — «Біз олардың қай жатақханада, қай бөлмеде тұратынын білеміз. Қолымызда дәлелдер бар. Неге олар бізбен кездесіп, бетпе-бет сөйлеспейді? Бізді ‘жалған ақпарат таратты’ деп айыптағанша, өздерінің ісін түзесін».
Жаңа фокус: Ұлты қазақ қандас < Ақылы шетелдік?
Бұл жерде мәселенің ұшы басқа жақта жатқаны көрінеді. ҚазҰУ-дың ресми жауабы «грант» мәселесін алға тартып, негізгі проблеманы жасырып отыр. Мәселе «гранттағы қандас» пен «ақылыдағы қандаста» ғана емес.
Жаңа фокус мынада: неліктен ақылы негізде оқитын этникалық қазақтарға (қандастарға) қарағанда, ақылы негізде оқитын басқа шетел азаматтарына (ұлты қазақ емес) басымдық беріледі?
«Отаным» деп келген қандас грантта оқыса да, ақылы оқыса, жатақханадан үмітін үзуі керек пе? Ал басқа елдің азаматы ақылы оқыса, оған бар жағдай жасала ма? Бұл университет ішіндегі әділетсіздік пен басымдықтардың бұрмаланғанын көрсетпей ме?
Студенттер өз сөздерінің дәлелі ретінде жатақханада тұрып жатқан ұлты қазақ емес шетелдік студенттердің тізімі мен бөлме нөмірлерін ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Редакция өз кезегінде ҚазҰУ баспасөз қызметін «жалған ақпарат таратпауды сұраймыз» деген жадағай жауаппен шектелмей, мәселенің мән-жайын тереңірек зерттеуге шақырады. Жатақхана ала алмай жүрген қандастармен, университет басшылығымен және жатақханаға орналасқан басқа да шетелдік студенттермен ашық кездесу ұйымдастыру – мәселенің ақ-қарасын анықтайтын жалғыз жол.
Біз бұл тақырыпты бақылауда ұстаймыз және университет басшылығына бүгін дайындалған нақты сұрақтар негізінде ресми сауал жолдадық. ҚазҰУ баспасөз қызметі мәселені бақылауда ұстайтынын, сұрақтарға жауап беретінін жеткізді.
ҚазҰУ-да тағы да шу: Жатақхана «Отаным» деген қандастарға емес, шетелдіктерге берілген
