Фото: видеодан скрин
Хромтау тас жолындағы жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккен үш науқас санавиациямен Ақтөбеге жеткізілді. Олар науқастар арасында 2009 жылы туған пациент те бар. Қазір Хромтау аудандық ауруханасында үш науқас қалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Күні кеше болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 12 адам қаза тауып, 6 адам Хромтау аудандық ауруханасына жіберілген болатын.
«Бір науқастың жағдайы ауыр. Екеуінің жағдайы орташа деп бағаланып отыр», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
«Диапазон» газетінің жазуынша, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық шұғыл медицина орталығының келісімімен қабылданғанын айтты.
«Науқастардың жағдайы әртүрлі. Ауыр жағдайда жатқандар да, ауырлық дәрежесі орташа деп бағаланып отырғандар да бар. Барлық қажетті ем көрсетіліп жатып. Астанадан келген мамандармен тұрақты консилиум өткізілуде. Қажет болған жағдайда, Астанаға да жіберіледі. Жол апатынан барлығы 6 науқас жеткізілді. Бесеуі таңертең жансақтау бөлімінде болды, біреуі травматология бөліміне ауыстырылды», – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбе облысында жол апатынан 12 адам қаза тапқанын жазғанбыз. Жол-көлік оқиғасын ІІМ-нің арнайы тобы тергейтін болды. Тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылды.
