«Шыңғысхан — қазақ!»: Шыңғысхан кімнің ұлы? (ВИДЕО)

Фото: qazyr.kz

Тарихшы-блогер Дастан Әбіш Шыңғысханның шығу тегі туралы пікір білдіріп, қоғамда үлкен талқылау тудырды. Оның айтуынша, моңғолдардың атақты қолбасшыға ешқандай қатысы жоқ, ал Шыңғысханның өзі — түркі тектес, нақтырақ айтқанда, қазақ болған.

Блогер өз сөзінде:

 

«Қазір көп адам “Шыңғысхан түрік тілінде сөйлеген”, “Найман жазуымен жазған” деген пікірлерге күмәнмен қарайды. Бірақ мен айтар едім, бұл шындыққа өте жақын. Себебі 13-ғасырдан 20-ғасырға дейін қазақ жерін тек Шыңғысханның ұрпақтары биледі. Ал Ұлы дала заңы бойынша, мемлекетті тек сол халықтың өкілі ғана басқара алады», – дейді ол.

 

Дастан Әбіштің айтуынша, қазақ жерінде әр ру мен тайпаның өз өкілі билікке келген.

 

«Мысалы, наймандарды – найман, үйсіндерді – үйсін басқарған. Ал Шыңғысхан сол түркі тілдес халықтардың бәрін біріктіріп, үлкен империя құрды. Егер Шыңғысхан қазақ болмағанда, қазақтар оның ұрпағын хан етіп сайламас еді», – дейді зерттеуші.

 

Блогер бұл ойын нақты дәлелдермен бекітеді:

 

«Басқа елдерде Шыңғысхан ұрпақтары бір-екі ғасырдан соң биліктен айырылды. Ал қазақ жерінде олардың ұрпақтары 20-ғасырға дейін ел тізгінін ұстады. Тіпті Алаш партиясын құрған Әлихан Бөкейханның өзі – Шыңғысханның ұрпағы. Демек, ол да нағыз қазақ», – дейді ол.

 

Дастан Әбіш өз сөзінде ұлттық тарихты Шыңғысхансыз елестету мүмкін еместігін айтады:

 

«Біздің соңғы сегіз ғасырлық тарихымызды Шыңғысхан мен оның әулетінсіз түсіну мүмкін емес. Ол – түркі өркениетінің, соның ішінде қазақ халқының тікелей мұрагері», – дейді блогер.

 

Ол сондай-ақ қазақ тарихындағы белгілі тұлғалар мен Шыңғысхан әулетінің байланысына тоқталды.

 

«Тұрар Рысқұлов Сталиннің қабылдауына кешіккенде, Сталин әзілдеп: “Шыңғысхан келді, төрге шықсын” деген екен. Бұл да тегін айтылған сөз емес. Себебі Шыңғысхан ұрпақтарының рухы қазақтың бойында әлі күнге дейін сақталған», – дейді ол.

 

Блогер өз сөзін қорытындылай келе:

 

«Егер біз Шыңғысханның ұрпағымыз десек, онда ұлы бабамыздай тәкаппар, өр, намысты болуымыз керек. Өз тарихымызды өзіміз иеленбесек, өзгелер иеленеді», – деп түйіндеді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Дастан Сәбитұлы Әбіш (@dastan_abilqaiyr)