Атырауда қызды ұрлап пранк жасаған 3 жігітке айыппұл салынды

Фото: видеодан скрин

Сотта құқық бұзушылардың кінәсі әкімшілік хаттамалар, фотосуреттер, бейнежазбалар және басқа да материалдармен толық дәлелденді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша үш азамат — Ж., Ғ. және Д.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 14 қазанда сағат 15:10 шамасында Атырау қаласындағы кафелердің бірінің алдында Ж., Ғ. және Д. қоғамдық орын тәртібін бұзып, қызды айқай-шумен көлікке күштеп отырғызып, бейнежазба түсіру мақсатында айналадағы адамдарға құрметсіздік танытқан. Бұл әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде бағаланды.

Алайда 22 жастағы қыз олардың үстінен шағым жазбаған. Дегенмен, полиция заң бұзушыларды ұстады.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, кінәлілерге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот шешімімен Ж., Ғ. және Д. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.