Кәсіпкерлер шу көтерді: Enbek.kz-тегі жаңа “ГПХ шарттары” бөлімі айыппұлдың басы ма?

Фото: Todayinfo.kz

Қазақстандағы кәсіпкерлер арасында соңғы күндері үлкен дау туды. Бұған Enbek.kz порталында пайда болған жаңа “ГПХ шарттары” деген бөлім мен еңбек инспекциясынан келген қоңыраулар себеп болды.

Желіде тараған бейнежазбада бухгалтер Лолита Закирова еңбек инспекциясынан қоңырау алғанын айтады. Оған “ГПХ бойынша жұмыс істейтін адамдардың шарттарын Enbek.kz жүйесіне енгізбегеніңіз үшін айыппұл саламыз” деген ескерту жасалған. “Біз инспектордан қай заңда бұл талап жазылғанын сұрадық, бірақ нақты жауап ала алмадық”, – дейді ол.

Бұл жағдай кәсіпкерлердің көбін алаңдатты. Олар: “Енді барлық жеке мердігерлер мен фрилансерлерді есепке алып, тағы да қосымша бақылау енгізіп жатыр ма?” – деп сұрай бастады.

Министрлік мұндай үрейге себеп жоқ дейді. “ГПХ шарттары – еңбек шарты емес. Біз тек еңбек шарттарын бақылаймыз. Ал азаматтық-құқықтық шарттар Азаматтық кодекспен реттеледі. Сондықтан еңбек инспекторлары ГПХ бойынша тексеріс жүргізуге құқылы емес”, – деп жауап берді министрлік.

Ал Enbek.kz порталындағы жаңа “ГПХ шарттары” бөлімі жайлы министрлік былай түсіндірді: “Бұл бөлім тек ыңғайлы болу үшін жасалған. Яғни заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар арасындағы қызмет көрсету шарттарын енгізуге арналған қосымша мүмкіндік қана.”

Бірақ кәсіпкерлерді мазалайтын басты сұрақ ашық қалды – неге еңбек инспекциясынан қоңырау шалып, айыппұлмен қорқытады? Бұл сұраққа министрлік әзірге жауап бермеді.

Құқық саласының маманы Александр Даниловский бұл мәселені басқа қырынан түсіндіреді:
“ГПХ шарттарын Enbek немесе ЕСУТД жүйесіне тіркеу туралы заңды талап жоқ. Бұл жүйе тек еңбек шарттарына арналған. Ал жаңа бөлім әлеуметтік төлемдерге байланысты пайда болды. 2025 жылдан бастап ГПХ бойынша жұмыс істейтін адамдар үшін де әлеуметтік жарна төлеу міндетті. Сол себепті министрлік бұл процесті цифрландыруды бастаған”, – дейді сарапшы.

Яғни мәселе айыппұл салуда емес, әлеуметтік төлемдерді бір жүйеге біріктіруде.