Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы жаттықтыра беретін болды

Фото: KФФ

Бұл туралы спорт журналисі Эльдар Аманбаев хабарлап отыр.
Десе де, бұл шешім футболдан Қазақстан құрамасының алдағы екі кездесуіне ғана тікелей қатысты, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы. 

Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов қараша айында өтетін Бельгия және Фарер аралдарына қарсы матчта да командамен бірге жұмыс істейді.
Айта кетейік, ол 2025 жылдың 30 қыркүйегінен бастап Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарып келеді. Оған дейін бұл қызметте Әли Әлиев болды.

Талғат Маруаұлының жетекшілігімен ұлттық құрама 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде екі матч өткізіп үлгерді. Мысалы, 10 қазан күні Лихтенштейнді өз алаңында 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, араға 3 күн салып сырт алаңда Солтүстік Македониямен (1:1) тең түсті. Қазір ел құрамасының қоржынында 4 ұпай бар.
Осыған дейін де Байсуфинов ұлттық құраманы екі рет (2016-2017 және 2020-2022 жылдары аралығанда) жаттықтырған еді.

Талғат Байсуфинов, Футбол, Ұлттық құрама, Бас бапкер