2026 жылы республикалық бюджеттен қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жобасына 111 млн теңге бөлінеді.
Депутаттың айтуынша, қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жобасы 2026 жылы қолға алынады. Арнайы заң өткен жылы қабылданып қойған.
«Бұл – қазақ тілінің барлық лексикалық қазынасын біріктіретін заманауи ақпараттық жүйе. Бұл қор қазақ тілінің бірізділігін, қолдауын қамтамасыз ететін маңызды құрал», – деп жазды Аймағамбетов.
Оның пікірінше, бастама мемлекеттік тілдің цифрлық дамуына үлкен серпін береді.
«Әртүрлі салалардағы – құқықта, білімде, ғылымда, технологияда – қолданылатын терминдер мен сөздердің мазмұны мен жазылуын біріздендіру үшін бұл қор біртұтас, жүйеленген, ресми цифрлық лексикалық база рөлін атқарады. Ол білім беру, аударма, мемлекеттік құжаттар, жасанды интеллект жүйелері мен бағдарламаларда қазақ тілінің дұрыс әрі стандартты қолданылуын қамтамасыз етеді», – деп өзінің пікірін білдірді.
Сонымен қатар, төменгі палата депутаты келер жылы Республикалық физика-математика мектебіне (РФММ) бөлінетін қаражаттың ұлғайғанын атап өтті.
«РФММ – еліміздегі ең мықты мектептердің бірі. Бірақ басқа мектептермен салыстырғанда оның қаржыландыруы төмен. Әсіресе, тамақтану мен интернаттағы балалардың жағдайы қиын. Кейінгі жылдары мектеп тек ақылы қызмет есебінен жұмысын ұстап келген. Сондықтан біз 1,6 млрд теңге бөлуді қолдадық – мұғалімдердің еңбекақысын төлеу және оқушылардың тамақтануы мен тұру жағдайын жақсарту үшін», – деп айтты депутат.