Фото: Pixabay
Қаржылық қиындыққа тап болған келіншек банкрот бола жаздаған. Тұрақты жұмысының арқасында сотқа жүгініп, банкроттықтың орнына төлем қабілетін қалпына келтіруге өтініш берген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Астана сотының мәліметінше, әйел 2018 жылдан 2024 жылға дейін жалпы сомасы 4,6 миллион теңгеден астам несие мен микронесие рәсімдеген.
“Несиеге алған ақшаның бір бөлігі эпилепсиямен ауыратын, ІІ топ мүгедектігі бар жұбайының еміне жұмсалған”, – деп хабарлайды Астана соттары.
Көпбалалы ана 2021 жылы кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған. 2022 жылы акционерлік қоғамға жұмысқа тұрып, қазір 240 мың теңге жалақы алып жүр. Жолдасы екеуінің иелігінде мүлік жоқ, ата-енесімен тұрады.
“Сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгінген азаматша микронесиелердің бір бөлігін банктегі несиелерін жабу үшін алғанын айтқан. Жалпы, оның 2 банк пен 13 микрокаржы ұйымы алдында 4,6 миллион теңге қарызы бар”, – деліген сот таратқан хабарламада.
Соңғы рет ол 2024 жылдың сәуірінде несиесінің бір бөлігін ішінара жауып, берешектен құтылған. Осыған байланысты сот әйелді банкрот деп таппай, оның төлем қабілетін қалпына келтірді.