Cолтүстік Қазақстанда құмар ойынға тәуелді полицейлер жұмыстан қуылды

Фото: Pixabay

Тергеуші, криминалист және түрме бақылаушысы букмекерлік платформаларда бәс тігіп келген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, биыл наурыз айында аяқталған қызметтік тергеу барысында олардың букмекерлік платформаларда ставка жасағаны анықталды.

Полиция сержанты, уақытша ұстау изоляторының қызметкері Р. Сәлімов «1xBet» платформасына 2023 жылдан бастап 9 млн теңге мөлшерінде ақша салып, 4 млн теңге шешіп алған.

Оның «Olimpbet» платформасында 2020 жылдан бастап бәс тігіп келгені де белгілі болды. 2024 жылдан бастап «PariMatch» платформасында да ойнаған.

Криминалист А. Сүлейменов те 2020 жылы «Olimpbet» сайтында тіркеліп, 5 жыл ішінде 2 млн теңгеге жуық бәс тіккен, 1,3 млн теңге шешіп алған.

Тергеуші Қ. Нұржанов «PariMatch» платформасында 2024 жылдың соңынан бастап 900 мың теңгеден астам ставка қойып, соның жартысына жуығын ұтқан.

Букмекерлік компаниялардан алынған материалына сәйкес, полицейлер өз аты-жөндерімен және жеке куәліктерімен тіркеліп, верификациядан өткен.

Тергеу қорытындысында үшеуін қызметтен босату ұсынылып, 2025 жылғы 3 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен олар жұмыстан шығарылды.

Алайда экс-полицейлер маусымда жұмыстан босатудың заңсыз екенін танып, қызметке қайта алу, жұмыссыз жүрген уақыттағы жалақыны және тұрғын үй төлемдерін өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

Петропавл қаласы № 2 сотының шешімімен А. Сүлейменов пен Р. Сәлімовтің талабы қанағаттандырылмады, ал Қ. Нұржановты жұмыстан босату заңсыз деп танылып, оның күшін жою туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, Нұржановның пайдасына 950 мың теңге жалақы мен 300 мың теңге тұрғын үй төлемін өндіру міндеттелді.

Алайда қыркүйек айында Сәлімов пен Сүлейменов облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Олар бірінші сатыдағы соттың шешімін қайта қарауды сұрағанымен, өтініштері қанағаттандырылмады.

Апелляция барысында Нұржановтың есімі аталды, облыстық соттың сот алқасы сол шешімнің күшін жойды, яғни Нұржановтың қызметке қайта оралуы және оған төленген өтемақылардың барлығы жойылды.