Фото: QazaqToday
Алматыдағы Caspian University базасында Рухани келісім күніне арналған Республикалық форум өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, дін өкілдерінің, ғалымдар мен азаматтық қоғам мүшелерінің басын қосып, қазіргі заманда рухани құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлін талқылауға арналды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Биылғы форумның тақырыбы — «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі». Кездесуде қатысушылар цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани тұтастықты сақтау мәселелерін қозғап, адамгершілік бағдардың маңыздылығына тоқталды.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим форум қатысушыларын Рухани келісім күнімен құттықтап, бұл мерекенің қоғамдағы ерекше орнына назар аударды.
«Рухани келісім күні – халқымыздың татулығын, өзара құрмет пен сенімді нығайтатын, дінаралық және конфессияаралық үйлесімділікті дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн бізге бірліктің – ел дамуының бастауы екенін еске салады», — дейді ол.
Ол Қазақстанның әлемдік деңгейде бейбітшілік пен дінаралық диалогты нығайтуда маңызды бастамалар көтеріп келе жатқанын айтты. Соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналған бірегей алаң деп атады.
«Бүгінгі форумның ұраны – Бірлікте – бар береке. Бұл халқымыздың басты ұстанымын айқын бейнелейтін сөз», – деді Ахмед Хусейн.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанна Бейсентайқызы Асанова форум барысында рухани және адамгершілік құндылықтардың қазіргі әлемдегі рөлін ерекше атап өтті:
«Бүгінде соғыс пен қақтығыстар өршіп тұрған шақта, адамзаттық ынтымақ пен бірліктің құндылығын бұрынғыдан да айқын сезінеміз. Тек парасаттың үніне құлақ асып, рухани негізге оралғанда ғана адамзат шынайы бейбітшілік пен келісімге жете алады».
Сенатордың айтуынша, дін қоғамды бөлетін емес, біріктіретін күшке айналуы тиіс.
«Біз сенім мен діннің қуатын жою емес, жасампаздық құралына айналдыруымыз қажет. Бұл форумның Қазақстанда өтуі – елдің бейбітшілік пен келісім үлгісін паш етеді». Ол форумның тек пікір алмасу емес, діни, мәдени және гуманитарлық әріптестікті нығайтатын маңызды алаң екенін де айтты: «Бұл форум ортақ адамгершілік құндылықтарға негізделген берік серіктестіктер орнатуға бағытталған шынайы үндеу болсын. Алла Тағала біздің бірлігімізді нығайтып, ізгілік жолына бастасын», – деді Жанна Асанова.
Форум қорытындысында қатысушылар рухани келісімнің ел тұрақтылығы мен болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған дәуірде адам баласы рухани тамырынан ажырамауы қажет деген ортақ ой айтылды. Рухани келісім мен адамгершілік құндылықтар – кез келген қоғамның даму өзегі және тұрақтылықтың басты кепілі.