Фото: видео скриншот
Жезқазғандағы облыстық аурухананың палаталарында тарақандар өріп жүрген сәт бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кадрларда еден мен қабырға бойымен жәндіктердің еркін жүріп жүргені анық көрінеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Видеоны түсірген тұрғынның айтуынша, бұл жағдай педиатриялық бөлімшеде болған. Оның танысы дәл осы бөлімде ем қабылдап жатқан көрінеді. Тұрғын жергілікті әкімдікке ресми шағым да түсірген.
“Түнгі ауысымда тек дәрігерлер ғана емес, тарақандар да жұмыс істейді”, — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Денсаулық сақтау басқармасы ауруханадағы тарақандардың барын растады. Алайда ведомство өкілдері жағдайды “қалыпты” деп бағалап отыр.
“Педиатрия бөлімшесінде жәндіктер мен бунақаяқтылар кездесетіні рас. Бұл ғимараттың тозуына байланысты. Барлық бөлімшелерде дезинсекциялық жұмыстар жоспарға сай жүргізіледі”, — делінген басқарманың ресми жауабында.
Бұған қоса, шенеуніктер “дезинсекция Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сай орындалып жатыр” деп сендірді.
Бұл жағдай алғаш рет емес. Өткен жылы желтоқсан айында да дәл осы аурухананың терапия бөлімін тарақандар қаптағаны туралы бейнежазба тараған болатын. Ол кезде де мекеме өкілдері кінәні “пациенттердің палаталарда тамақ ішетінімен” түсіндірген еді.
Ал биыл да ұқсас жағдай қайталанып отыр. Жергілікті тұрғындар “аурухана тозып, санитарлық талаптар сақталмай отыр” деп дабыл қағуда.
Әлеуметтік желі қолданушылары Денсаулық сақтау басқармасының “қалыпты жағдай” деген жауабына ашулы пікір қалдыруда.
Көпшілік мұндай немқұрайлылыққа таңғалып, “енді аурухана емес, тарақанхана болып кеткен бе?”, — деп жазып жатыр.