Банкноттардың жиі ауыстырылуы теңгеге деген сенімге әсер етпейді – сарапшы

Фото: 24kz

Қазақстанда банкноттар жиі ауысады. Көптеген тұрғындар теңгенің жиі ауысын қаламай жатса, енді біріне банкноттардың түсі, көлемі немесе дизайн жағы ұнай бермейді. Кезінде қазақтың батырлары, ақындары, саяси тұлғалары белгіленген теңге тұрақты түрде ауысып келеді. Qazaq Today тілшісі банкноттардың жиі ауысу себебін анықтап көрді.

Ұлттық банктің 20, 10 мың, соңғы рет шығарған 5 мың теңгелік ақшалардың бет-бедері өзгеше. Ал жуырда бұрынан қолданып жүрген 1 мың теңге тағы жаңарды. Бұның себебі неде? Онсызда құнсызданып жатқан ұлттық валютаны жиі ауыстырғаннан қандайда бір жетістік бар ма?

«Банкноттардың жиі ауыстырылуы теңгеге деген сенімге әсер етпейді. Керісінше, ұлттық валютаның тұрақтылығы оның сенімділігін арттырады. Қазіргі таңда қолма-қол ақшаны сирек қолданамыз, көп операциялар банк картасы мен телефондағы QR арқылы жүзеге асады. Купюралардың дизайнын жаңарту жалған ақша жасау әрекеттерінің алдын алудың тиімді тәсілі. Егер купюралар ұзақ уақыт бойы өзгермей қалса, алаяқтар оны пайдаланып қалуы мүмкін, сондықтан банкноттарды уақытылы жаңарту маңызды», — деп түсіндірді Pablic Policy Research орталығының директоры, экономист Меруерт Махмутова.

Теңгенің сапасы берік болу үшін оған барынша күрделі элементтер көбірек енгізіліп, жай адам түсінбейтіндей бедер мен кесіндер бейнеленеді. Ұлттық валютамызда кемі оннан астам түрлі элемент бар. Теңгенің жасалуы барынша құпия және жалған ақша жасау заңмен қудаланады. Бірақ соған қарамастан жасанды ақша айналымы тоқтар емес.

«Қазақстандағы купюралар нақты ақшалар, олардың ішінде мақта мен пластмассадан жасалатын түрлері бар. Купюралардың жиі ауыстырылуының екі негізгі себебі бар. Біріншіден, әсіресе ұсақ ақшалар тез тозады олар суға түсіп, жыртылып, ескіреді. Екіншіден, бұл жалған ақша жасаушылардың әрекетінің алдын алу шарасы. Мысалы, әлемдегі ең сенімді валюталардың бірі саналатын доллардың өзін де кейбір елдер бастапқы түрінен айнымайтындай етіп басып шығара алады.
Біздің теңгеміздің өзінде 14–16 түрлі қорғаныс элементі бар, соған қарамастан жалған нұсқаларын жасауға тырысатындар кездеседі. Сондықтан Ұлттық банк әрбір 4–5 жыл сайын купюралардың дизайнын жаңартып отырады. Бастапқы жылдары банкноттарда белгілі тұлғалардың суреттері бейнеленсе, қазір олардың дизайны табиғат пен тарих тақырыптарымен байланыстырылады. Бұл тәсіл ұлттық валютаның эстетикалық және мәдени құндылығын арттырады.
Купюралардың дизайнын жаңарту теңгеге деген сенімге теріс әсерін тигізбейді себебі ол айырбас бағамына, сатып алу қабілетіне немесе инфляцияға ықпал етпейді. Керісінше, купюралардың сапасы мен ірілігі экономикалық айналым үшін тиімді», — деп санайды сарапшы Сапарбай Жобанов.