Қорғаныс министрлігінде авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова арасында кездесу өтті. Тараптар әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету және «Әскери баспана» бағдарламасын қайта жандандыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Сондай-ақ, Ләззат Ибрагимоваға «Отбасы банк» мобильді қосымшасының жұмысындағы мәселелерді жедел шешкені үшін алғыс білдірілді, әрі оның қызметін тезірек қалпына келтіруге үміт артылды.
Кездесу барысында министр «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға назар аударды. Бұл талаптар әскери қызметшілер үшін жалдамалы тұрғын үй рәсімдеуде қосымша қиындықтар туғызуда.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі «Әскери баспана» бағдарламасын қайта іске қосу болды. Дәурен Қосанов бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
– Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Министрдің айтуынша, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.
Сондай-ақ, ол екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайта енгізуді ұсынды. Себебі көптеген әскери қызметшілер жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған, қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді қалайды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселелерін бірлесе шешуге дайын екендіктерін растады.