Өскемен әкімдігі немқұрайлы: полиция бекетіне пандус жоқ

Фото: Видеодан кадр

Өскемен қаласындағы полиция бекетіне мүмкіндігі шектеулі азаматтар кіре алмай отыр. Ғимарат алдында бірнеше баспалдақ бар, алайда пандус мүлде орнатылмаған. Бұл – қолжетімді орта құру туралы заңның өрескел бұзылуы.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, егер ғимараттың кіреберісіндегі биіктік айырмасы 4 сантиметрден асса, пандус орнату міндетті. Бұл ереже барлық мемлекеттік және қоғамдық нысандарға, соның ішінде полиция бөлімшелеріне де қатысты.

Мамандардың айтуынша, пандус орнату тек формалдық емес, бұл – азаматтардың конституциялық құқығын қорғау. «Мүгедектігі бар адам полицияға арыздануға келсе, ол есіктің алдында тұрып қалмауы керек. Мемлекеттік мекеме ең алдымен халыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс», – дейді қоғам белсенділері.

Заң бойынша қолжетімді орта талаптарын бұзған мекемелерге әкімшілік жаза қарастырылған.
Лауазымды тұлғалар – 50 АЕК,
Шағын бизнес – 120 АЕК,
Орта бизнес – 200 АЕК,
Ірі кәсіпорындар – 400 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері ұлғаяды.

Пандус орнату үшін арнайы техникалық талаптар бар: көлбеу бұрышы 8%-дан аспауы, ені кемінде 90 см болуы, беті тайғанамайтын материалдан жасалуы тиіс. Сондай-ақ 70–90 см биіктікте тұтқалар орнатылуы қажет.

Егер мекеме пандус орнатудан бас тартса, тұрғындар прокуратураға немесе Мемлекеттік тұрғын үй инспекциясына шағымдана алады.

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде әкімдік пен полиция басшылығына үндеу жолдады:

«Полицияның өзі заң бұзып отыр. Қарапайым азаматтар қайда жүгінуі керек?» – деп жазады олар.