Шымкенттегі ауруханада науқастар еденде жатыр

Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында әйелдер мен балалар да бар науқастар дәліздің еденінде ем қабылдап жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Кадрлар көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.

Алайда қала әкімдігі бұл жағдайды «нормадан тыс емес» деп мәлімдеді.

Шенеуніктердің айтуынша, аурухана ғимараты қазіргі уақытта жөндеуде. Ал науқастарды дәлізге уақытша орналастыру — «жаппай түскен пациенттер кезінде рұқсат етілетін» тәжірибе. Мұндай шешім, ведомствоның дерегінше, санитарлық нормаларға қайшы емес және Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен реттелген.

Пікір қалдырғандар мұндай жағдайды адамгершілік пен кәсіби этикаға сай емес деп сынауда.

«Неліктен жөндеуді дәл күзгі маусымда бастады? Басқа ауруханаларға уақытша көшіруге болмас па еді?» — деп жазады қолданушылардың бірі.
«Бөлім толып кетсе де, адамдар еденде емес, кем дегенде кушеткада жатуы керек қой!» — деп пікір қалдырған тағы бір тұрғын.
«Министрдің өзі осындай жағдайда жатса, не істер еді?» — деп ашуланды тағы бір желі қолданушысы.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы болса, «ешқандай заң бұзушылық жоқ» деп сендіріп отыр. Ал қоғам белсенділері мен журналистер бұл оқиғаға байланысты жедел тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.