Фото: Видеодан кадр
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орнатылған мектеп турникеттері қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желілерде тараған видеода бастауыш сынып оқушылары мектепке кірер кезде есік алдында топтасып, ұзақ уақыт кезекте тұрғаны көрінеді.
Желі қолданушылары бұл жағдайға турникеттің себеп екенін айтып, оның оқушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін мәлімдеді.
«Сол бәле турникет», – деп пікір қалдырғандардың бірі.
Ал кей ата-аналар мәселе турникеттен емес, мектепке ерте келген балаларды ішке кіргізбеу тәртібінде екенін жазған.
«Ерте келген баланы өткізбейді, тек сабаққа 10 минут қалғанда ғана кіргізеді. Біздің №19 мектепте де солай», – дейді ата-аналардың бірі.
Тағы бір қолданушы: «Ол турникетті кім қойған?» – деп мәселенің себебін әкімдік пен білім басқармасынан сұрауда.