Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында орналасқан «Адал» супермаркеті жас қызды тәжірибеден өткізу сылтауымен күні бойы ауыр жұмысқа жегіп, еңбекақысын төлемей жіберген.
Жәбірленушінің айтуынша, ол дүкенге ресми жұмысқа орналасу мақсатында барған. Алайда қызметкерлер «алдымен бір күндік стажировкадан өтесің» деп қабылдаған. Сол күні таңертеңнен кешке дейін студент сөре тасып, жәшік көтеріп, қара жұмысты толық атқарғанымен, кешке еңбекақы берілмеген.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға ашу білдіріп, «бұндай жағдайда еңбек инспекциясына шағым жазу керек», «еңбек ақысы төленбеген адамнан береке қашады», «бұл – қарапайым еңбекті қорлау» деп пікір қалдырған.
Заңгерлердің айтуынша, Қазақстанның Еңбек кодексі бойынша, жұмыс беруші жұмысшыны ақысыз еңбекке тартуға құқылы емес, ал стажировка өтушілерге де қауіпсіз жағдай мен келісімшарт негізінде төлем қамтамасыз етілуі тиіс.