Фото: видеодан скрин
Семей тұрғыны Qazaq Oil жанармай құю станциясындағы даулы жағдайға қатысты видео жариялап, шағым түсірді. Кадрларда ер адам колонка пистолетін қолында ұстап тұр — бензин ағылмайды, бірақ таблодағы көрсеткіштер ақшаны есептеуді жалғастырып жатыр. Автор бұл оқиғаны «әділетсіз жағдай» деп атап, бейнежазбаны әлеуметтік желіге таратқан, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Компания жағдайға жедел жауап қатты:
«Сигнал үшін рақмет. Мұндай жағдай біздің стандарттарға мүлде сай келмейді. Видео техникалық бөлімге толық тексеруге жолданды. Мүмкін, жабдықтың техникалық ақауы болған, ол жедел түрде жойылады», — делінген Qazaq Oil ресми жауабында.
Интернет қолданушылары пікір қалдырып, осындай жағдайлардың жиілігі мен АЖС жабдықтарының дұрыстығын кім бақылайтыны жайлы сұрақ қойды.
Редакция компанияның тексеріс нәтижесін күтуде. Сарапшылар жүргізушілерге чек пен санауыш көрсеткіштерін мұқият тексеріп, даулы жағдай болса, дереу әкімшілікке немесе call-орталыққа хабарласуға кеңес береді.